ТҮРКІСТАН: ҚҰБЫР БАР, ГАЗ ЖОҚ. НЕГЕ?

Түркістан облысында елді мекендерді газбен қамту мәселесі өзекті болып тұр. Кейбір аудандарға газ құбыры жетіп тұрса да, тұрғындар оның игілігін көре алмай жүр. Ал кей елді мекендерде құбыр да тартылмаған. Елді алаңдатқан бұл түйткіл «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясында талқыланды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Игорь Алексеев өңірді газбен қамту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, биыл облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, шалғай ауылдарға «көгілдір отын» жеткізу бастамасы басымдыққа ие. 2019 жылы елді мекендерге газ жеткізу үшін түрлі бюджет көздерінен 17,6 млрд. теңге бөлініп, 58 нысанның құрылысы жүргізілген. Нәтижесінде 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін Түркістан облысында 412 елді мекен (48,9%) газбен қамтылған. Биыл облыста 23 нысанның құрылысы аяқталып, тағы 31,4 мың тұрғын газбен қамтылып, бұл игілікке қол жеткізген елді мекендер саны 424-ке артпақ.

Дегенмен, комиссия мүшелері бұл салада проблема өте көп екенін айтып, жауапты басқарма мен «ҚазТрансГаз» АҚ басшылығына өткір сұрақтар қойды. Облыстық мәслихат депутаттары және Бәйдібек, Жетісай ауданы әкімдіктерінің өкілдері тұрғындар тарапынан газдың қосылмай жатқанына шағым көп екенін жеткізді. Әсіресе техникалық шартты жасау көп созбалаңға салынады. Техникалық шарт жасау және газ қысымын өлшеу жұмыстарында кемшіліктер бар.

Комиссия отырысына қатысушылар осы құжаттарды реттеу жылдамдығын жеделдету жөнінде талап қойды. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ АҚ ТОӨФ директоры Шалқар Омарбеков жұмыс оңтайландырылып, наурыздан бастап, техникалық шарттар тұрғындарға 5-10 күнде беріле бастайды деп уәде етті.

Салаға жауапты мекемелер газ құбырын көшелерге дейін жүргізеді. Ал үйге немесе жеке меншік нысанға газ тарту меншік иесінің міндеті. Өкінішке қарай, үйінің іргесіне келіп тұрған газды шаңырағына кіргізуге кей тұрғындардың қаражаты жеткіліксіз. Бүгінде облыста газды үйге кіргізу құны орта есеппен 85 мың теңге болып бекітілген. Мамандар тұрғындарға мердігерді жіті зерттеп, жұмыс ақысын нақты келісіп барып, техникалық шарт жасау керектігін ескертеді. Сонымен бірге бір көше немесе бүкіл ауыл тұрғындары жедел құжаттарын реттеп, қаржысын даярласа, газ да тез кіргізілмек. Жалпы, аудан және қала әкімдіктерінде газдандыру бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жандануы тиіс.

2013-2014 жылдары облыста газ құбырлары, АГРС-тер салынған. Бірақ, «ҚазТрансГаз» және басқа да мекемелердің келіспеушіліктері салдарынан 78 елді мекенде құбырлар тартылса да, газ жеткізілмеген. Бұл мәселе бойынша облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмысты күшейтуді тапсырған болатын. Аудандарда тұрғындар тарапынан лицензиясы бар мекемелермен құжаттарын рәсімдеп, жеке үйлерге газ кіргізу жұмысы кешеуілдеуде. Себебі елді мекендердің көшелерін және аумақтарын табиғи газбен қысымдауға мамандар жетпей жатыр. Бұл ретте газ тасымалдаушы мекемелер «ҚазТрансГазАймақ» АҚ мен «ИнтергазОрталықАзия» АҚ-на жұмысты күшейткен жөн.

Жиынды жүргізген «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Қайнар Абасов тұрғындарды сандалтпай, жұмыс сапасын көтеру керектігін айтты.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев партия филиалы жанындағы осы комиссия арқылы аудандарды аралап, тұрғындармен кездесуді ұсынды. Сол көшпелі кездесулерде газ саласындағы түйткілдер тарқатылып, шешу жолдары қарастырылады. Сонымен бірге «көгілдір отын» мәселесіндегі бюрократиялық кедергілерді азайтып, өзара түсіністікпен жұмыс істеуге шақырды. Бұл ұсынысты «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ТОӨФ директоры Шалқар Омарбеков пен депутаттар және комиссия мүшелері қолдады. Наурызда арнайы комиссия бірнеше ауданда болып, газдандыру барысын тікелей қадағаламақ.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы отырысының қортындысы бойынша бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Бәйдібек, Сарыағаш, Қазығұрт, Шардара, Отырар және Сайрам ауданындағы «көгілдір отын» проблемасын зерделеп, оны жедел шешу жөнінде ұсыныс берілді. Түркістан қаласын газбен қамтуды жеделдету керектігі де сөз болды.

Тұрғындар мүддесін қорғау үшін қоғамдық бақылау және түсіндіру жұмыстары күшейеді.