Түркістан: Қаланы түтінмен ластайтын қазандықтар газға ауыстырылады

Қала әкімі Рашид Аюпов Түркістан қаласының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2020 жылға алда тұрған міндеттері туралы халықпен есеп беру кездесуін өткізді.

Алдымен шаһар басшысы жақында ғана құрылысы біткен, өнерге жаны жақын балалардың игілігіне берілген «Ақжайық» мектебіне келген қауымға алғыс білдірді. Кішкентай келушілерге арнайы бөлме жабдықталып, ересектерге арнап ыстық сусындар мен су таратылды.

#АшықӘкімдік, #ХалықтықӘкімдік ұстанымдарына сай жұмыс жасау жолында қызмет атқарып жүрген Рашид Абатұлы есепті де тек қағаз бен санға сүйенбей, бүкіләлемдік деңгейде өтетін TedX форматында жүргізді. Тұрғындар “не істелінді” сұрағына қарағанда әкімдіктің болашақта түрлі салалар бойынша қандай іс-әрекет жасайтыны жайлы сұрақтарды көбірек қойып жатады. Сондықтан, әр саладағы атқарылған мәліметтер мен сандарды презентацияда ғана көрсетіп, көбіне осы жылы халық игілігіне жасалынатын тұстарға көбірек көңіл бөлді.

Қала басшысы ең алдымен қоғамдағы өте өзекті — әлеуметтік қамту мәселесіне тоқталды. «Атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасы бойынша
былтыр 22 мыңға жуық өтініш қабылданып, 16 мыңдай отбасыға көмек берілді. Ал, жаңа тәсіл бойынша биыл 20 мыңнан астам отбасыға атаулы әлеуметтік көмек берілмек.

«Өткен жылы Түркістан бүкіләлемдік «Біріккен қала және жергілікті билік» ұйымына мүше болды. Бұл тек республика ішінде ғана емес, халықаралық туристер орталығына айналуға жасалған маңызды қадам. Бір жылда 120 елдің 1000-нан аса қаласымен тәжірибе алмастық, жарнама жасауды үйрендік. Жаһанкез саяхатшыларға әлемнің тағы бір кереметі Түркістанда екенін айтып, қонаққа шақырдық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының екінші Консультативтік кездесуінде: «Түркі әлемінің бесігі – Түркістан қаласы қазір қайта өркендеуді бастан кешіп жатқанын» атап өтті. «Өз кезегінде қала баршамыздың ортақ мақтанышымызға айналатын керемет мегаполиске айналмақ. Осыған орай, Орталық Азияның бауырлас мемлекеттерінің басшыларын келесі күзде осы көне қалаға шақырамын», – деген еді. Халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шаралардың Түркістанда өтуі біз үшін, яғни қала тұрғындары үшін үлкен абырой, сонымен қатар үлкен жауапкершілік», — деді қала әкімі Рашид Аюпов.

Рашид Абатұлы өз сөзінде, бастауға ниетті кәсіпкерлерге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларына тереңінен тоқталып өтті.

Демалып-тынығу, жанұя-жолдастарымен жүздесуге ыңғайлы жерлердің саны артып, орталық көшелер бойынан 10 шақты көгалдар, скверлер мен аллеялар салынды, саябақтар күрделі жөндеуден өтті. Қаланы толығымен көгалдандыру үшін Арыс-Түркістан магистралды каналынан тартылатын арықтар қайта жаңартылып, көшелерге суаруға мүмкіндік жасалды. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. Бүгінде темір жол вокзалының аумағы қала әкімдігінің балансына алынып, биыл халықаралық вокзал ретінде қайта толық жөндеуден өтеді. Ал, былтыр құрылысы басталған «Тұңғыш Президент саябағы» мен Б.Саттарханов даңғылындағы аллея, «Орталық саябақ» биыл пайдалануға беріледі.

Көше жарығы қауіпсіздік үшін аса маңызды. Қазір қала көшелерінің 18 пайызында ғана жарық бар. Биыл күрделі жөндеуден өткен 30 көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, алдағы 3 жылда қаланы толық жарықтандыру жоспарда.

Білімді ұрпақ – ертеңгі жарқын болашақ кепілі. Бүгінде қаладағы 37 мектепте 41 691 оқушы білім алады. Арасынан топ жарып, 2019 жылы 32 оқушы үздік аттестатпен, 91 оқушы алтын белгімен бітірген. Түркістан қаласы оқушылары Республикалық пәндік олимпиаданың үшінші облыстық кезеңінде облыс көлемінде I орынды иеленді. Осы орайда, білім сапасын арттыру және әлеуметтік жағдайы төмен оқушыларды қолдау мақсатында «Кембридж лайн» мектебі және қалалық адами капиталды дамыту бөлімі арасында білім берудің жаңа стандарттарын орта мектептерге енгізу туралы меморандум жасалды.
Ал, оқушылардың қауіпсіздігін жіті бақылау мақсатында «Қауіпсіз мектеп» жобасына сай мектептерде бейнебақылау нүктелерін көбейту, сыртқы қоршауының құрылысы, ішкі әжетханалардың талапқа сай болуы биылдан қалмай толығымен қала бюджетінің есебінен жасала басталды. Сонымен бірге, «SmartMektep» жобасы арқылы оқушылардың кірген-шыққаны автоматты түрде тіркеліп тұрады. Мектеп іші жаңалықтар мен хабарландырулар таратылуы да электронды түрде жүзеге аспақ. Ал әр ата-ана баласының үлгерімі, мектеп іс-шаралары жайлы ақпаратты үйде отырып-ақ телефоны арқылы біле алатын болады.

Қала әкімі аптасына бір мәрте жастармен кездесуді бір жолға қойған. Еркіндік, мүмкіндік және қолдау. Осы үш нәрсені беруге әрдайым дайын екенін жеткізетін Р.Аюпов олардың идеяларын, ойларын тыңдап, бірге жаңа жобалар бастауға әрдайым қолдау көрсетіп келеді.

Бүгінде қалада 121 спорт алаңы, 45 спорт залы, 4 жүзу бассейні, 4 спорт кешені, 2 стадион бар. Былтыр 12 кіші футбол алаңшасы мен 6 теннис корты пайдалануға берілген болатын. Мақсат – түркістандықтардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, әр тұрғын кедергісіз спортпен шұғылдануға қолжетімділікті арттыру. Биыл да бірнеше көше аулаларында жабдықталған, арнайы спорт алаңшалары ашылады. Бұған қоса, «Жабық бассейні бар спорт сарайы», «7000 орындық орталық стадион» салынып бітеді деп жоспарланған.

Ал, қаламызда Түркістан облысы денсаулық басқармасына қарасты 17 медициналық мекеме, оның ішінде 7 емхана, 2 амбулатория, 1 жедел жәрдем стансасы, 7 аурухана қызмет көрсетеді. Онда 543 дәрiгер, 1 754 орта медицина қызметкерi бар.

Қала бойынша электр жүйесімен қамтылу 99,8, газ құбырларын жүргізу бойынша 65 пайыз құрап тұр. Бұлар осы жылдың аяғына дейін толықтай қамтылады деп жоспарлап қойдық. Көрсеткіші төмен болып тұрғандары – сарқынды су және автокөлік жолдары. Бірі 29,1 пайыз құраса, асфальт төселген жолдар пайызы – 30,3. Биыл 128 шақырым болатын 100 көшеге асфальт төселеді. Әзірге орталыққа іргелес аумақтардан бастап, ары қарай газ тартылып, канализация жүргізіп болған көшелерге жағалай асфальт салынады.
Биыл орталық жылу қазандығы және қаланы түтінмен ластайтын басқа да жылу қазандықтары табиғи газға ауыстырылады. Және осы қыста мәселе туғызған І-ІІ мөлтек аудандарындағы жылу жер асты құбырларын ауыстыру жоспарланған. Осылайша көпқабатты үйлерді жылыту нормаларының сақталуы қамтамасыз етілмек.

Сөз соңында: «Халқымызда «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деген қанатты сөз бар. Қашан да ішкі ынтымағы жарасқан ел озады. Сондықтан осы жылда әкімдікке қарасты қандай да жоба жайлы барынша ашық ақпарат беріп тұруға сөз беремін. Бұған қоса, ырысымызды нығайту жолында жаңа бір пилоттық «Ашық бюджет» жобасын бастамақшымыз. Іске асыру барысында жергілікті халықтың қала бюджетінің нақты бір бөлігін қандай жобаларға, қай салаларға жаратылғанын қалайтынын анықтайтын боламыз. Біз – тек атқарушы органбыз. Халықтың қалауын тыңдап, бірлесіп, жұмысымызды атқаруға дайынбыз!» деген Рашид Абатұлы бөлім басшыларын ортаға шақырып, келушілерге таныстырды. Осы күнге дейін ел игілігіне деп қызмет атқарып жүрген барлық әкімдік қызметкерлеріне және қолдау көрсетіп келген қала тұрғындарына алғысын білдірді.

Айта кетейік, кездесу аталмыш мектептен бөлек, қалалық мәдениет үйінде онлайн байланыс арқылы тұрғындардың тікелей сауал қоюына және жергілікті «Тұран-Түркістан» телеарнасының тікелей эфирінде, сонымен бірге, әкімдіктің фейсбук, инстаграм әлеуметтік желідегі парақшаларында көрсетіліп, халықтың назарда болуы мен көкейіндегі сауалдарының қойылуына мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар, есеп беру аясында тұрғындар әкімге тікелей сауал қойып, жауабын алды.

#ГүлденеБерТүркістан
#ХалықтықӘкімдік
#НародныйАкимат
#PeopleAdministration