ҰСТАЗ МЕРЕЙІ – КӘСІПОДАҚ ЖЕМІСІ

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Шымкент қалалық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ғимаратында «Ұстаздар күні» және «10 қазан – Кәсіподақ қызметкерлері күні» қарсаңында салтанатты жиын өтті.

Шуағы мол шапағат иелеріне арналған басқосуға ардагер ұстаздар, атқару комитетінің мүшелері, медицина қызметкерлері, кітапханашылар, «Білімді ел» газетіне жеке жазылуға үміткер педагогтар, білім беру ұйымдарының есепшілері қатысты. Жиынды «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Шымкент қалалық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лариса Тургинбаева ашып беріп, мерекемен арнайы құттықтады. Жиын барысында шәкірт тәрбиелеу жолында жемісті жұмыс атқарған мұғалімдер еңбегі есекеріліп, марапатқа ие болды. Ұрпақ тәрбиесі ұстазға байланысты. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік бағыт-бағдар сілтеуде ұстаздың еңбегі зор. Ал, осынау қастерлі мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген жандарға кәсіподақ тарапынан қашанда қолдау көрсетіліп келеді. Табиғаттың қоңыр күзінде көңілге қуаныш сыйлап, әдемі теңеумен тілек айтылған шара барысында «Мектепке жол» акциясы аясында 8 білім беру ұйымдарының есепшілері және 4 медицина қызметкері мен 4 кітапханашыға Құрмет грамотасы мен қаржылай сыйлық табысталды. Сонымен қатар, «Сүйікті мұғалімге – сүйікті газет» акциясы аясында «Білімді ел» газетіне 5 ұстазға жеке жазылым мен құрмет грамоталары табысталды.