«СИНДРОМ ХОРОШЕГО ПАРНЯ»

Шымкент қалалық «Nur Otan» партиясының филиалында кезектен тыс XXXVIII конференция өтті. Конференцияға Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Шымкент қаласының әкімі Eрлан Айтаханов, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, саяси кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік орган басшылары, аудандардан сайланған конференция делегаттары және БАҚ өкілдері қатысты.

Конференцияда сөз алған Бауыржан Байбек партия жұмысының басты бағыттарын айтты.

  • Біз кез-келген проблеманы жасырмай, халықтың ортасына барып, сұрақтарға нақты жауап беріп, заң шеңберінде мәселені шешуге ықпал етуіміз қажет. Партия төрағасы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы жуырда өткен саяси кеңестің кеңейтілген отырысында партияның жұмысы жаңғыртылуы бойынша міндеттер қойды. Осы орайда партияның филиал төрағалары аталған міндеттерді жауапкершілікке алып, орындауы тиіс. Партия мүшесі сыбайластыққа, жемқорлыққа жол бермеуі керек. Әсіресе мәслихаттың фракциядағы мүшелері. Жұмыс нәтижелі болуы үшін басқарма басшылары бір-бірінің жұмысындағы кемшілікті айтып, оны шешулері қажет. Партияның ядорлық мүшелері жұмыс пен нәтиже талап етеді. «Синдром хорошего парня» деген түсінік бар, ешкімнің көңілін қалдырғысы келмейтін жақсы жігіт. Мынаған да, анаған да жағу үшін сын айтпайды. Өйтіп бәріне жақсы бола берсең жұмыс жүрмейді. Осы нәрседен арылған жөн, — деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Конференцияда қала басшысы Ерлан Қуанышұлы Айтаханов «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиал төрағалығына сайланды.

«Nur Otan» конференцияның жұмысы бойынша Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы, мәслихат депутаты, фракция мүшесі Нұрғазы Бұхарбай өз пікірін білдірді.

  • «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Байбек Бауыржан Қыдырғалиұлның жоғарыда айтқан сөздерін толық қуаттаймын. Партияның жаңғыртылуы дәл уақытында болып жатыр. Проблемаларды жасырмай нәтиже көрсетсек, «Nur Otan» партиясының беделі өсетіні анық. Халықтың сенімін ақтау маңызды іс. Өз әріптестерімді осы бағытта жұмыс істеуге шақырамын, — деді Нұрғазы Бақтыбайұлы.