Шымкенттік полицей «үздік учаскелік инспектор» деп танылды

Елордада «Полицияның үздік учаскелік инспекторы» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды  oninfo.kz ақпарат агенттігі. Байқау барысында еліміздің 195 мың тұрғыны әлеуметтік желі арқылы үздік иснпекторларға дауыс берген.

«Республикалық маңызы бар қалалардағы үздік учаскелік инспектор» аталымында Шымкент қаласы Полиция департаменті әл-Фараби ауданының полиция басқармасының полиция инспекторы Ербол Юсупов үздік деп танылды. Оған «Қазақстан Республикасының үздік учаскелік иснпекторы» дипломы, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі және 3 лауазымдық еңбекақы көлемінде қаржылай сыйақы берілді.

Одан бөлек, бірнеше инспектор II дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен және «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алғыс хатымен» марапатталды. Марапатталған барлық қызметкерлерге қаржылай сыйақы берілді.

ҚР ІІМ хабарлауынша, учаскелік полиция инспекторларының тікелей жұмысы арқылы жыл сайын 40 мыңға жуық қылмыс ашылады. Елімізде 166 мыңға жуық адам, 8,5 мың отбасы және 7 мыңға жуық кәмелетке толмағандар учаскелік полиция инспекторларының бақылауында тұр.