Шымкенттің шалғай аудандарына жаңа автобустар қатынайды

– Шымкент қаласының инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттыру – өзекті саланың бірі екені даусыз. Бұл бағытта көлік құрылымын, оның ішінде қоғамдық көлік қызметін заманауи үлгіде қалыптастыру – жауапты сала мамандарының ұдайы назарында.

Әрине, ең алдымен, Шымкентте жолаушы тасымалдаушы қоғамдық көлік қызметін жандандыру бағытында қолға алынған ауқымды шаралар бүгінде өз нәтижесін беріп жатқаны көңіл қуантады. Қазір Шымкент қаласында қоғамдық жолаушылар тасымалдау саласында 27 көлік компаниясы 79 бағытта, 1129 көлік құралдарымен жолаушыларға қызмет көрсетуде. Оның ішінде 54 автобус бағытында 765 кесте; 25 шағын автобус бағытында 364 кесте бар.

Қуаныштысы сол, шаһардағы жолаушыларға қызмет көрсететін автобустар алдағы уақытта толығымен жаңаланбақ. Бұл ретте биыл қалаға жалпы 1000 автобус сатып алу көзделуде. Айта кетерлігі, былтыр қалалық тасымалдаушылар 80 жаңа автобус сатып алды. Жаңа автобустар әлеуметтік маңызы бар бағыттарында қызмет көрсетуде. Қала тұрғындарын қоғамдық жолаушылар көлігімен қамтамасыз ету мақсатында, қаланың шалғай орналасқан, жолаушылар ағыны төмен шағынаудандарына қатынайтын 10 әлеуметтік маңызы бар бағыттар ашық конкурстарға шығарылды.

Биыл қала тұрғындарын қоғамдық жолаушылар көлігімен қамтамасыз ету мақсатында, жаңа 7 әлеуметтік маңызы бар бағыттар ашылды. Осылайша қала аумағына жаңа қосылған 40 елдімекеннің тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамту мәселесі оң шешімін табуда.

Сондай-ақ, шаһардағы жүргізушілер мен кондукторлардың қызмет көрсету мәдениетін көтеру мақсатында көлік компаниялары басшылығымен тұрақты түрде бірлескен жұмыстар атқарылуда. Ерекше атап өтерлігі, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, Шымкент қаласы бойынша жол картасы әзірленген.

Таяу болашақта Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу жұмыстары атқарылуда, жүйені 2019 жылдың соңына дейін барлық қалалық бағыттарда ендіру жоспарлануда. Аталған жобаны енгізу арқылы жолаушыларға қолайлы жағдайлар жасалады, тасымалдаушылардың табыстарының ашықтығын көрсетеді және бюджетке төленетін салық төлемдері артатын болады. Түптеп келгенде, қаладағы қоғамдық көлік қызметін түбегейлі жаңартуға бағытталған жұмыстар ең алдымен, тұрғындардың көңілінен шығуға деген бетбұрыс екені анық.

Нұрғазы Бұхарбаев,

Шымкент қаласы мәслихатының депутаты,

Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі.

Дерек көзі: aptanews.kz

202 рет оқылды
  • 41
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *