ШЫМКЕНТТЕГІ ОРЫС ДРАМА ТЕАТРЫНА — 90 ЖЫЛ ТОЛДЫ

1929 жылы ашылған театрдың репертуарында бүгінгі таңда орыс, шетел, классика және заманауи бағыттағы 70-тен астам қойылым бар. Бүгін театрдың 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отырған іс-шараға арнайы келген Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов ұжымды ыстық лебізімен құттықтады.

«Театр өнерінде орыс драма театрының орны бөлек. Келесі жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанбақ. Сіздерді алдағы маңызды іс-шараларда белсенділік танытып, қарқынды атсалысуға шақырамын. Халық мәдениетін көтеруде сүбелі еңбектеріңіз орасан. Келер жылы жауапты жыл. Сол себептен бұдан да артық жұмыс істеуіміз керек», — деді Ерлан Қуанышұлы.

Шаһар басшысы театр тарихында аттары алтын әріптермен жазылған өнер майталмандарына Алғыс хаттар табыстады.

Осынау мерейтойға келген қонақтар қатарында Қазақстан Республикасы театр одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов пен елімізге танымал өнер тарландары, сондай-ақ, Таганрог қаласы театрының өкілдері және Шымкент қалалық мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев болды.

Мерекелік іс-шарада қалалық мәдени ұйымдар арнайы қойылымдар ұсынды.