ШЫМКЕНТТЕГІ ЕСКІ ҚАЛАШЫҚ ЖАҢАРАДЫ

Қала әкімі Е.Айтахановтың төрағалығымен «Шымкент қалашығы» жобасы бойынша Шымкент қаласының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңесі өтті, деп хабарлайды oninfo.kz ақпарат агенттігі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңесте Шымкент қалашығын қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы Мәскеу қаласы халықаралық сәулет академиясының профессоры, ҚР монументалды ескерткіш жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі, жоба авторы Агитаев Садуақас Сахиұлы баяндады.

2019 жылдың соңына дейін Ескі қалашықтың жоғарғы бөлігінің жұмысы аяқталып, келесі жылдың наурыз айына дейін қалашықта табылған экспонаттардан тұратын мұражай-экспозициясы әзірленетін болады.

Желтоқсан айында бекініс қабырғалары бар Оңтүстік қақпаларын қалпына келтіру жұмыстары аяқталады, сол жерде 200 шаршы метрге Визит-орталығын орналастыру жоспарлануда, Оңтүстік қақпалар алдындағы алаңды абаттандыру қатар жүргізілетін болады.

Сонымен қатар, Қараханид кезеңі мен Қазақ хандығының тұрғын кварталдарын мұражайландыру жұмыстары жүргізіледі. 2020 жылы батыс, солтүстік және шығыс бекініс қабырғаларын қалпына келтіру жұмыстары жалғасын тауып, 550 орындық амфитеатр құрылысы басталады.

Сондай-ақ, қала әкімі Ерлан Қуанышұлы Шымкент қалашығының тарихи, көркемдік құндылығына және сақталуына нұқсан келтірмей, оны қазіргі заманға сай пайдаланылуы үшін жағдай жасау қажеттілігін атап айтты.

Кеңеске Қазақ ССР еңбек сіңірген архитекторы, Шығыс елдері сәулет халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі Баян Тұяқбаева, ҚР БҒМ Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Байтанаев, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, қалпына келтіруші Крым Алтынбеков, Қазақстан Республикасы сәулетшілер одағының вице-президенті Бақытжан Әшірбаев, «Қазқайтажаңарту» РМК ЮНЕСКО обьектілерімен жұмыс жөніндегі бас маманы Ләззат Бейсенбаева, сонымен қатар, Қазақстанға еңбегі сіңген басқа да сәулетшілер, тарихшылар, археолог-ғалымдар, реставраторлар қатысты.