Шымкентте жол веложол салынуда

Шымкент қаласындағы Республика даңғылы бойына веложол салынып жатыр. Осыған орай, Мұрат Әйтенов құрылыс жұмыстары барысымен танысып қайтты, деп хабарлайды oninfo.kz ақпарат агенттігі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Республика даңғылындағы жөндеу жұмысының не үшін жүргізіліп жатқанын түсіндіре кетейін. Көптеген тұрғын бұл мәселеге сынмен қарауда. Байқасаңыздар, жолдың бөлу жолағының бір шетіне су қашырғыш құбырлар, екінші жағына лоток орнатылуда. Құбыр қойған себебіміз, оның үстіне веложол салынады. Сол себепті, асфальтті жаңбыр суы көбіне лотокқа қарай құйылатын етіп төсейміз. Жауын-шашын кезінде су сол арнаға құйылады да, жолды су басу қаупі болмайды. Бұл жүйені Ахмет Байтұрсынов көшесінде байқап көрдік. Соңғы жауын кезінде жұмысы аяқталмаған екі аумақты қоспағанда мұнда су басу жайты болған жоқ», — дейді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.

Айта кетейік, құрылыс жұмыстарына жұмыспен қамту орталығынан есепте тұрған азаматтар тартылған.