Шымкентте жастар мәслихаты құрылмақ

Бүгін Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынды Қоғамдық кеңестің төрағасы Нұрғазы Бұхарбаев жүргізіп отырды. Күн тәртібінде Қоғамдық кеңестің ережесі мен жұмыс жоспары, тұрақты комиссия мүшелерін бекіту, Шымкент қалалық жастар мәслихатын құру, Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу туралы мәселелер қаралды. Алқалы жиынға қала басшысы Ғабидолла  Әбдірахымов қатысты.

Жастар мәслихатын құру бойынша Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев баяндама жасап, өз ұсынысын жеткізді.

Мегаполистің әрбір төртінші тұрғыны жастар болып табылады, жастар мәслихатының құрылуы уақыт талабы екенін айтқан Ғабидолла  Әбдірахымов, қаланың белсенді жастарын жастар мәслихатына сайлауға қатысуға шақырды.

— Жастар мәслихатына Шымкент қаласының аумағында тұратын 14-29 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары мүше бола алады. Жалпы мәслихат 29 жас депутаттан құралып, өкілеттілігі екі жылға созылады, — деді жиында сөз алған Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жандос Қалтаев .

Жандос Төлембекұлының айтуынша жас депутат қоғаммен етене қарым-қатынас жасап, тұрғындардың қалай өмір сүріп жатқандығынан хабардар болуы, жастар мәселесінде шешілмей жатқан түйіндерді анықтап, оларды шешу жолдарымен ұсынатын сайлауалды бағдарламасы болуы қажет. Себебі олар билік басында қала жастарына тұрғын үй беру, жұмыссыздық деңгейін төмендету мәселелеріне қатысты күрделі шешім қабылдайтын болады.

Жастарды қолдау – бұл еліміздің болашағына салынған инвестиция екенін алға тартқан шаһар басшысы Ғабидолла  Әбдірахымов сайлау ашық, әрі әділ өту үшін онлайн режимде өткізуді ұсынды.

452 рет оқылды
  • 41
    Поделились