Шымкентте заңсыз теміржол билетін сатушылармен күрес күшейді

Шымкент вокзалы маңында заңсыз әрекеттердің жолын кесуге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кіріскен. «Шымкент – адалдық алаңы» акциясы аясында 1 миллион теңге көлемінде айыппұл өндіріліп, жолаушы тасымалдау ісі біршама ретке келтірілген. Бұл туралы бүгін сала мамандары ақпараттық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингісінде мәлімдеді.

Шымкент темір жол вокзалы арқылы – 27 жұп жолаушылар пойызы қатынайды. Жыл басынан бері осы маңда бірлескен топтың әрекетімен 101 азаматтың билетсіз жол жүргені анықталған. 541 тасымалдаушыға қатысты заңсыздық әшкереленіп, айыппұл салынған.

— Теміржол қызметіне қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шілдеде бірқатар тапсырма берген болатын. Оның негізгісі – билет дефицитін жою. Қазір мамандар осының алдын алу бойынша бірқатар нақты шараларды қолға алған, — деді Шымкент қаласы бойынша көлік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов.

— Жыл басынан бері 18 заңды, 18 жеке тұлғаға әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде хаттама толтырылған. Олар вагондарды  сейфпен жабдықтамау, жабдықталған төсек-орын жиынтықтарының мерзімінің өтіп кетуі сынды олқылықтарға жол берген, — деді Шымкент станциясы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Орынбасар Мәмбетов.

— Қазір «Қазақстан темір жолы» АҚ нақты ұсыныстар жолданған. Оның негізгісі – топтап билет сату жүйесін оңтайландыру. Жазғы маусымда жолаушы ағынының көптігіне байланысты қосымша вагондар қарастыру. Бұл-  ең алдымен жолаушыларға қолайлы жағдай туғызатыны сөссіз, — деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ОҚО бойынша департаментінің бас маманы Сәбит Әсілбек.