ШЫМКЕНТТЕ САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТЫ САҚТАМАҒАН НЫСАН ЖАБЫЛДЫ

Әл-Фараби ауданында арнайы мамандардан құралған мониторингтік топ күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Мониторингтік топтың құрамында аудан әкімдігінің қызметкерлері және аудандық полиция кызметі, сондай-ақ аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер қауіпсіздігін бақылау басқармасы мамандары, БАҚ өкілдері бар.

Осындай кезекті мониторингтік тексеру ауданға қарасты Төле би көшесінің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарға жүргізілді. Тексеріс барысында санитарлық талапты сақтамаған 4 базар мен 32 нысанға ескерту жасалды.

Сондай-ақ, қаулыға атүсті қараған бір дүңгіршек пен азық-түлік сататын дүкен жабылды. Тексеру жұмыстары аудан аумағында күнделікті жалғасуда.

Еске сала кетсек, Шымкент қаласының аумағында 2020 жылы 8 маусымынан бастап 2020 жылдың 22 маусымына дейін карантин және шектеу шаралары ұзартылған болатын. Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, COVID-19 індетінің тұрғындар арасында таралуына жол бермеу мақсатында карантиндік талаптарды қатаң сақтау керектігі, аса қажеттіліксіз қала аумағында қозғалу шектеуді, сауда-ойын орталықтарының, кешендерінің, сауда үйлерінің аумағында орналасқан кинотеатрлар, балалардың ойын алаңдарының, мұз алаңдарының, батут және фудкорттардың жұмысын бастауға жол берілмеу ескертілді.