Шымкентте сайлауалды оқу семинары өтті

Шымкентте ҚР Президенті сайлауы бойынша семинар өтті. Сайлауды ұйымдастырушыларға арналған оқыту семинарын ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен өткізді.

Семинарға аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, электораттық оқытудың сертификатталған тренерлері, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының өкілдері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Л.Сүлеймен сайлау заңнамасындағы өзгерістермен, сайлау науқанының негізгі кезеңдерімен, кандидаттарлың сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру шарттарымен, сайлау комиссияларының сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі өкілеттіктерімен, аумақтық сайлау комиссияларың және жергілікті атқарушы органдардың мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттермен таныстырды.

– Учаскелік сайлау комиссиялары жұмысын бастады. Біз осы дайындық жұмыстарын пысықтап алуымыз керек. Сайлау туралы заңға өзгерістер еніп отыр. Биылғы ұйымдастыру науқанында бірқатар жаңашылдықтар бар. Енді сайлау комиссиясының мүшелері жұмысты жүйелі ұйымдастыру керек, — деді Ләззат Жаңылысқызы.

Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов сайлаушылардың тізімдерін жасау, сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша, оның ішінде мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін жағдайларды қамтамасыз ету бойынша қабылданған іс-шаралар туралы баяндады.

– Қалада 260 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде 25 учаске жаңадан құрылып отыр. Бекітілген күнтізбеге сәйкес, дайындық жұмыстары жүргізілуде. Шымкентте 568 794 сайлаушы бар. Қала әкімдігі тарапынан сайлауды ұйымдастырудағы цифрлық технологияларды қолдану, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауға белсене қатысуына барлық жағдай қарастырылуда, — деді аппарат басшысы.

Сондай-ақ, қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Дауылбаев сайлау науқанын өткізу жағдайы, сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығы туралы хабардар етті.

Шымкент келбеті

108 рет оқылды
  • 2
    Поделились