ШЫМКЕНТТЕ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БОЙЫНША АКТИВ ЖИНАЛЫСЫ ӨТТІ

Қала әкімінің төрағалығымен өткен шараға әкімдік қызметкерлері, басқарма басшылары, аудан әкімдері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым және қоғамдық ұйым мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды қала әкімі Ерлан Айтаханов ашып, биылғы Жолдаудың ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынып отырғанына тоқталды.

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы мемлекетіміздің даму қарқынын арттырып, барлық салаға серпін беретін маңызды құжат. Сондықтан онда айқындалған бағыттарға басымдық беру – біздің басты борышымыз. Шымкент келесі жылы ТМД-ның басты мәдени қаласы ретінде таңдалғаны белгілі. Мерейлі мерекенің жоғары дәрежеде өтуі үшін қазір дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Осы орайда Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру үшін шымкенттіктер бар күш-жігерін қосатынына сенімдімін, — деді қала әкімі.

Жолдаудағы бірінші бағыт бойынша Шымкент қаласы әкімдігіне азаматтардан келіп түскен әр өтініш және жеке қабылдауға келген әр тұрғынның мәселесі қатаң бақылауға алынып, заң аясында нақты шешімін табуы керек екенін айтты. Сондай-ақ, қалада заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтардың тыныштығын бұзбайтын бейбіт акциялар өткізілетін орындар қайта қаралып бекітілетін болады.

Президент Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Бұл каражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалатын болады. Бұл бағыт бойынша ағымдағы жылы қалада Әл-Фараби, Еңбекші ауданындағы полиция басқармалары ғимаратында фронт-офистер ашылса, жылдың соңына дейін осындай фронт-офистер Абай және Қаратау аудандарында ашылатын болады.

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізу қажеттігін айтты.
2018 жылы Шымкент қаласында жалпы өңірлік өнім 2 трлн. теңгені құрап, 12 пайызға артқан. Осы жоғары деңгейдегі өсім қарқынын сақтап қалу мәселесі көтерілді. Осы жылы Индустриялықинновациялық даму бағдарламасы аясында құны 38 млрд. теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылып, 1 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Сонымен қатар Жолдауда квазимемлекеттік сектордың қайтарымын арттыру қажеттігі айтылды. Бүгінгі таңда қалада 155 квазимемлекеттік сектор субъектілері бар. Одан бөлек, Президент шағын және орта бизнесті дамытуда бірнеше маңызды мәселелерге тоқталып өтті. 2020-шы жылдан бастап микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірленетін болады.
Сонымен қатар, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешім күшіне енетін болады. Бұл қаладағы 66 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыс жасайтын 165 мың адамға көрсетілетін қамқорлық.

Жолдау барысында мәдениет қызметкерлерін қолдау шаралары да атап өтілді. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Қазіргі таңда қаладағы мәдениет саласындағы 18 мекемеде 1536 адам жұмыспен қамтылған. Ағымдағы жылы олардың еңбекақылары 30 пайызға көбейді. Келесі жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тағы өсетін болады.