Шымкентте «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы өтуде

Түркістан облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы  «Шәмші әлемі» гүлзарындағы композитор ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алып, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда жалғасын тапты.

Байқауды салтанатты түрде Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірханұлы құттықтау сөзбен ашып берді.
Сырлы әнмен қазақ халқының бітім-болмысын, шынайы бейнесін сипаттап, ән әлемінде айрықша орнын қалдырған ұлы композитор атын ұлықтайтын дәстүрлі өнер додасының аудан, қалада өткен бірінші кезеңіне 200-ге жуық үміткер өтініш білдірсе, оның ішінен 21 үміткер ақтық кезеңге жолдама алды. Өнер бәйгесіне 15 — 29 жас аралығындағы үміткерлер қатысады.

Қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше 300-ге жуық әндері бар. Байқаудың биылғы жетістігі ұлы композитордың орындалмай жүрген 15-тен аса әні жарыққа шығарылып, арнайы аспаптардың сүйемелдеуімен көрерменге жол тартты. Олардың қатарында «Кел, Бурабайға», «Байқоңыр», «Келін келді», «Көккөлдегі кештер-ай», «Егіз мақта», «Ғашық күндер» және Абай Құнанбаевтың сөзіне жазылған «Тыңда мені, достарым» сынды әндер бар.

1992 жылдан бері дәстүрге айналған бұл байқаудан елімізге танымал Шакизада Байбатжанова, Құрман Шойынбаев, Сәуле Желдібаева, Марат Әйтімов, Нұрғали Тұрлыбеков, Хадиша Сейітова, Жұбаныш Жексенұлы, Гүлжазира Қайырбекова, Тоқтар Серіков, Асқар Жүнісбеков, «Жігіттер» квартеті, Нұржан Жүсіпбеков, Мәдіхан Дүйсеев, Рысдәулетовтер «Өркен» тобы, Айбек Қанатбек, Руслан Ақынбеков, «Сарын» тобы сынды өнер иелері қанат қаққан.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген аса көректі сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, осы заманның қазақ эстрадасының негізін қалаушы, Қазақстанның халық әртісі, Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының Құрметті азаматы Шәмші Қалдаяқов — ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген тұлға. Елге, жерге, Отан мен ата-анаға деген сүйіспеншілік композитор шығармаларының басты тақырыбы болса, соның ішінде, «Менің елім», «Ана туралы жыр», «Бақыт құшағында», «Теріскей», «Арыс жағасында», «Отырардағы той», «Өмір-өзен» сынды көптеген әндері халықтың жаттанды өмір жырына айналған.

Байқаудың мақсаты — композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларын дәріптеу, халық арасында ән өнерін дамыту, қазақ әндерін орындаушылар арасынан жас талант иелерін анықтап, кәсіби бағдар беру, жеке шығармашыл тұлғалардың қалыптасуына ықпал ету, әншілердің орындау шеберліктерін арттыра отырып, оларға қолдау көрсету және отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу болып табылады.

Жеңімпаздарды марапаттау және Гала-концерті кешкі сағат 19.00-де «Түркістан сарайы» концерттік ұйымында өтеді. Кешке ҚР еңбек сіңірген әртісі Құрманбек Шойынбаев, «Құрмет» орденінің иегері, композитор, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі,  ҚР Мәдениет қайраткерлері Айжан Тәженова, Хадиша Шалабаева, дәстүрлі әншілер Наркенже Серікбаева, Ақмарал Биназарова, Гүлдана Мақатаева  және «Қазына», «Фараб», «Тұмар» би ансамбльдері қатысады.

Суретті түсірген: Асхат Әссанди

206 рет оқылды
  • 4
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *