Шымкентте медицина қызметкерлерінің күні аталып өтті

Маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні.

Дәрігерлердің кәсіби мерекесінде қала әкімі Ғ.Әбдірахымов  ақ халатты абзал жандарды марапаттап,  9 медицина маманына  пәтер кілтін  табыстады. Оның ішінде екі маманға  қызметтік пәтерлер берілді.  Сондай-ақ қаладағы медициналық ұйымдағы  отыздан аса қызметкерлер денсаулық сақтау министрлігінің марапатына ие болды.

 

Мемлекеттік қолдаудың арқасында қазір Шымкентте 36 мемлекеттік, 68 жеке медициналық ұйымдарда 12 мыңнан астам қызметкер халыққа медициналық қызмет көрсетуде. Науқастарға жету уақытын қысқарту үшін жедел жәрдем қызметі оңтайландырылды. Денсаулық сақтауды цифрландыру аясында барлық қала тұрғындарының электрондық медициналық паспорттары жасалып, мемлекеттік медициналық ұйымдарға 100 пайыз ақпараттық жүйе енгізілді. Осы жүйе арқылы қаланың барлық медициналық ұйымдарының жұмысы біріктіріліп, халыққа мобильді қосымшалар арқылы қызметтер алуға мүмкіншілік жасалған.

 

Жыл соңына дейін жедел жәрдем қызметіне мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.  100 санитарлық автокөліктер жаңартылып,  шұғыл шақыртуларды қабылдайтын бірыңғай заманауи Call-орталығы ашылады.

 

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласында — ауруларды басқару бағдарламасы  және патронаждың әмбебап үлгісі енгізген. Осы бағдарламаларды енгізу арқылы денсаулық сақтау  саласының негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізілді. Нәтижесінде жалпы өлім-жітім көрсеткіші 10 пайызға төмендеп 4,1 құрап,  күтілетін өмір сұру ұзақтығы 74,7 жасқа жетті.

 

54 рет оқылды