ШЫМКЕНТТЕ КОРОНАВИРУС ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ

2020 жылдың 12 наурызындағы жағдай бойынша үшінші мегаполисте коронавирустық инфекция тіркелген жоқ. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Тимур Варзилов мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, қаладағы эпидемиологиялық жағдай тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, қала әкімдігінің және Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының бақылауында. Эпидемияға қарсы үздіксіз іс-шаралар жүргізіліп келеді.

– Коронавирустық инфекция тіркелген елдерден келген азаматтарға күнделікті мониторинг жасалады, яғни, сауалнама, термометрия, өзін-өзі оқшаулау, карантиндеу жүргізіледі. ҚР Бас санитарлық дәрігерінің 12.03.2020 жылғы қаулысына сәйкес 1А санаттағы елдер – ҚХР, Иран, Оңтүстік Корея, Италиядан келген азаматтар 14 күнге карантинді стационарларға орналастырылады. Ал 1Б санаттағы Франция, Германия, Испания елдерінен ұшып келген азаматтар, халықтың жаппай жиналатын орындарына баруды қоспағанда, оқшаулаудың негізгі ережелерін сақтай отырып, үй карантинінде болуы қажет, — деді Тимур Варзилов.

Ал 2 және 3-санаттағы елдерден келген азаматтарға күнделікті мониторинг жүргізілуде. Бұған қоса басқарма тарапынан коронавирустық инфекцияның алдын алу шараларын күшейту туралы бұйрық шығарылып, қосымша провизорлық және карантиндік стационарлар ашылды.