ШЫМКЕНТТЕ КАНДИДАТТАР ТІЗІМІ НАҚТЫЛАНДЫ

Бүгін Шымкент қаласының «Түркістан» мәдениет үйінде «Nur otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының кезектен тыс XL конференциясы өтті.

Алқалы жиында күн тәртібіндегі бірқатар мәселер өз шешімін тапты. Атап айтқанда, Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған 5 жылдық Сайлауалды бағдарламасы мен ҚР Парламенті Мәжілісіне Пікірсайыс нәтижесі бойынша ашық дауыс беру арқылы 4 үміткер бекітілді. Басым дауыспен сайланған үміткерлер: Жадыра Танатарова, Гани Ташкараев, Берік Оспанов, Берік Бекжанов.
Конференцияға қаладағы партия мүшелерінен 119 делегат қатысты. Шарада қала басшысы, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасы Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Мәдәліұлы Нарымбетов, «Nur Otan» партиясы Саяси Кеңесінің мүшесі Әлия Мақсұтқызы Юсупова төралқалық етті.

Жиында сөз бастаған шаһар басшысы: «Бұл сайлау — Тәуелсіз еліміздің дамуындағы жаңа тарихи кезеңнің бастауы болмақ. Осынау аса маңызды саяси науқан Қазақстанда азаматтық қоғамның және демократия құндылықтарының дамуына ықпал ететіні анық. Сол себепті ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат бұл іске зор жауапкершілікпен қарап, белсене атсалысуы тиіс. «, — деп атап өтті.

Әкім бұл жолғы сайлаудың өзіндік ерекшеліктерін де тілге тиек етті. Мемлекет басшысының бастамасымен заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұдан былай мәслихат сайлауы да партиялық тізім бойынша өтпек. Сонымен қатар жастар мен әйелдерге арналған квоталардың белгіленуі де — игі бастама болып отыр.

Жиында бекітілген Сайлауалды бағдарламасы Елбасы, Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың ел экономикасын дамыту, пандемия салдарын жеңілдету арқылы қазақстандықтардың әл-ауқатын, тұрмыс – тіршілігін жақсартуға бағытталған тапсырмалары, сондай-ақ, қаланың даму бағдарламасы негізінде жасалынып отыр. Бұдан бөлек бағдарламаға праймериздің өту барысында тұрғындардан түскен 685 ұсыныстардың 98 пайызы көрініс тапқан. Ал, 15 ұсыныс сайлауалды бағдарламаға қосымша енгізілді.

Конференция барысында сайлауалды бағдарлама бірауыздан қабылданды.
Одан әрі қалалық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізім нақтыланып, Нұр-сұлтан қаласында өтетін «Nur Otan» партиясының кезекті XX съезіне қатысатын 20 делегат анықталды.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 35 мыңна астам партия мүшесі бар. Олар 46 бастауыш партия ұйымдарына біріктірілген.