Шымкентте көпбалалы отбасыларға пәтер беріледі

Шымкент қаласында биыл көп балалы отбасыларға арналған жалдамалы 10 үй мен жұмыс істейтін жастар үшін жалдамалы 6 үй пайдалануға беріледі, деп хабарлайды oninfo.kz ақпарат агенттігі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осылайша 450 көп балалы отбасы мен 904 жас биыл баспаналы болмақ.

Бүгін қала басшысы Ерлан Айтаханов аталған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында салынған үйлерді аралап, олардың инфрақұрылыммен қамтылу мәселесін бақылады. Атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көріп шыққан шаһар басшысы, ең алдымен, тұрғын үйлердің сапасына және газбен, жылумен қамтамасыз ету мәселесіне мән берілу керек екенін баса айтты.

Қандай құрылыс нысаны болса да бірінші кезекте сапа мен қасбетіне мән беріліп, құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтау өз бақылауында болатынын айтқан Ерлан Қуанышұлы жаңа тұрғын үй секторлары толығымен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйесімен қамтылуы тиіс екенін назарға алды.

Аталған үйлер әкімшілік іскерлік орталык пен «Шымкент Сити» шағынауданында және Ақназархан, Гагарин көшелерінде орналасқан.

Жалпы, қалалық құрылыс басқармасы тарапынан биыл Шымкентте көп қабатты 59 үй салынуда. 2019 жылы аталған үйлердің 27-сі пайдалануға беріледі. Яғни, 120 мың шаршы метр болатын 1554 пәтер тапсырылады. Бүгінгі таңда кредиттік және жалдамалы көп қабатты 13 үй берілсе, жыл соңына дейін тағы көп қабатты 14 үй тапсырылады деп күтілуде.