Шымкентте игерілген жер телімінің 50 гектарына топографиялық карта дайын

Шымкент қаласының соңғы рет бекітілген Бас жоспарына биыл 7 жыл толды. Оған дейін қала аумағының 8 000 гектарына ғана топографиялық карта жасалған. Оның өзі 1985-86 жылдары түсірілген. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Жеңіс Байымбетов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

2014 жылы қала аумағы 117 гектарға ұлғайды. Басқарма басшысының айтуынша, 117 га жерді топографияға түсіруге 3 млрд 700 млн теңге көлемінде қаржы жұмсау қажет.

– Оның үстіне, бұл жекеменшік нысан емес, Шымкент қаласының топографиялық картасы болғандықтан, оны түсіруші мекеменің міндетті түрде мемлекеттік лицензиясы болуы шарт. Міне, осы тұрғыда қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы мәселені шешуге ықпал етіп, бүгінде топографиялық түсірілім құны – 1 гектер жер теліміне 8000 теңгеден түсіп отыр. Нәтижесінде, қаланың игерілген жер телімінің 50 гектарына топографиялық карта дайын, – деді Жеңіс Жайлауұлы.

Брифингте Басқарма басшысы 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстар туралы баяндады. Одан өзге, қаладағы автотұрақ мәселесін шешу, қызыл сызықтардың қатаң сақталуы және 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болатын Шымкент қаласындағы дайындық жұмыстарының жайы талқыға түсті.