ШЫМКЕНТТЕ ЕГІСТІК КӨЛЕМІ АРТТЫ

Шымкентте егістік көлемі 1000 гектарға артты. Бұл туралы аппараттық мәжіліс барысында ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков мәлімдеді, деп хабарлайды oninfo.kz ақпарат агенттігі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 27,6 мың гектарға жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1000 гектарға көп екен. Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстарына 1,25 мың тонна жанар — жағармай бөлініп, 174 – теңгеден 160 — теңгеге төмендетілді. Ал минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бағдарламасына сәйкес 105,1 млн теңге қаржы қаралып, бүгінгі таңда 1 мың тонна тыңайтқыштар 50,3 млн теңгеге субсидияланды. Ауыл шаруашылығы және ветеринария бағытындағы жерлерді тиімді пайдалану мәселесіне баса назар аударған қала басшысы Мұрат Әйтенов құжаттары жоқ егістік жерлер мен сегментацияланған егістік алқаптарды заңдастыру жұмыстарын қадағалауға алуды, игерілмеген егістік жерлер бойынша жауапты мамандарға тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.