ШЫМКЕНТТЕ ДОМБЫРАҒА АРНАЛҒАН 7 МЕТРЛІК ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталығының алаңында «Ұлттық домбыра» күніне орай, Домбыра аспабына арнап орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Түркістан сарайының алдынан орын тепкен ескерткіштің ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев қатысты. Сондай-ақ қала тұрғындары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, өнер мектебінің оқытушылары мен шәкірттері куә болды. Биіктігі 7 метр ескерткіш ұлттық нақыштармен көмкерілген.

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Домбыра күнінің маңызына тоқталып, жаңа ескерткіштің ашылуымен құттықтады.

— Бәріміз үшін қуанышты күн. Домбыра аспап қана емес, қазақтың жаны, философиясы деуге болады. Домбыраның үнінен-ақ көп жайтты түсінеміз. Бұл құндылық қала тұрғындарына, жас ұрпаққа серпін береді деп ойлаймын.
Ескерткішті орнатуға қолдау көрсеткен қала мәслихатының депутаттарына, меценат азаматтарға өз алғысымды айтамын, — деді қала әкімі құттықтау сөзінде.

Сондай-ақ, жиында айтыскер ақын Біржан Байтуов өз арнауын оқып, домбыра күні рухымызды асқақтататын мереке болуы тиіс екенін айтты.

Мерекелік бағдарламада халық әндері, Қазақстан композиторларының шығармалары орындалып, мерекенің әрін кіргізді.