ШЫМКЕНТТЕ #BIRGE #TAZAQAZAQSTAN СЕНБІЛІГІ ӨТТІ

Тазалық шарасына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та қатысты, деп хабарлайды oninfo.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

— Бүгін біз ҚР Премьер-Министрі қолдаған #TazaQazaqstan экологиялық акциясына қолдау көрсетіп отырмыз. Әсіресе, қаланың шет аймақтарына көңіл бөлу керек. Әр азамат, әр тұрғын өз айналасын таза ұстауы керек. Болашақта Шымкентті таза әрі жасыл қала ретінде көреміз, — деді қала әкімі.

Әкімдікке қарасты түрлі басқармалардың қызметкерлері, қала тұрғындары мен жастар сенбілікке белсене қатысып, Ақтас қоқыс полигоны мен Шымкент-Ташкент тасжолының бойындағы қоқысты тазалады.

Жалпы, сенбілік қаланың бірнеше жерінде өтті. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Ақтас полигоны маңындағы сенбіліктен кейін Шымкенттегі Есіл және Өндіріс көшелерінің бойындағы тазалық іс-шарасына қатысты. Мұндағы №2, 3 және 4 үйлердің аулалары тазартылып, тұрғындар жаппай қоқыс шығарды.

Қалалық ТҮКШ басқармасының мамандары көшеге жарықшамдар орнатты. Дүйсенбіге дейін тағы 6 жарықшам бағанасы орнатылмақ. Әл-Фараби аудан әкімдігінің бастамасымен балалар ойын алаңшалары абаттандырылды.