Шымкентте 70 млрд теңгенің 20 жобасы іске асады

«Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы биыл еншілес ұйымдарымен бірге жалпы құны 70,82 млрд теңгені құрайтын 20  жобаны жүзеге асырғалы отыр, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Нәтижесінде 2600-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын болады. «Шымкент» ӘКК ҰК» басқарма төрағасы Айтмұхаммед Алдажаров осылай деп мәлімдеді.

Басқарма төрағасының айтуынша, аталған жобалар «Оңтүстік» индустриалды аймағы және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жүргізіледі.

— Биыл қолға алынатын 20 жобаның 12-ін «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асырады. Олардың құны 23,5 млрд теңгені құрап отыр.  Ал «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 3,5 млрд теңге болатын 5 жобаны іске асыру жоспарлануда.  Бұдан бөлек «Оңтүстік» индустриалды аймағында  40 млрд теңгенің 5 жобаны іске қосу көзделуде, — деді Айтмұхаммед Тұрарбекұлы.

Жалпы  2017 жылы «Шымкент» ӘКК трансформациялау кезеңінен өткен. Нәтижесінде жаңа жұмыс әдісі әзірленіп, инвестициялық жобаларды тиімді басқаруға және іске асыруға бағытталған басқару жүйесі енгізілген. Соның нәтижесінде бірқатар ауқымды жобаларды іске асыру жеңілдей түсті.  Мысалы, «Астана» тұрғын үй кешенін салуға отандық инвесторлар 1 млрд 507 млн теңге қаржы құйған болатын. Бүгінде кешеннің 2 блогы ел игілігіне тапсырылды.

Айта кетейік, бүгінде «Шымкент» ӘКК-ның «Ontustik Invest» атты инвесторларға қызмет көрсету бөлімі қалтқысыз жұмыс істеуде.  Ондағы мамандар бизнес-жобамен келетін инвесторларға  тиісті деңгейде көмектеседі. Сондай-ақ, аталған мекеме құрылыс, агроөнеркәсіптік кешен, жер қойнауын пайдалану, энергетика, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік және «Smart Ontustik» ақпараттық технологияларын енгізуге атсалысып отыр.

616 рет оқылды
  • 28
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *