ШЫМКЕНТТЕ 546 ОҚУШЫ АЛТЫН БЕЛГІ АЛДЫ

Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Ұлттық біріңғай тестілеу және «Елбасы медалі» жобасы туралы брифинг өтті. Баспасөз мәжілісіне Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева және Шымкент қаласы Дарын орталығының директоры Р.Джеренова қатысты.

Брифингте ең алғаш сөз алған Жанат Тәжиева мектеп түлектері төртінші тоқсан қорытындысын жақсы тәмамдағанын жеткізді. Нәтижесінде 546 оқушы алтын белгі алып, бүгінде оның 359-ы үздік аттестаттың иегері атанғанын және осы жылдың үшінші маусым мен бесінші маусым аралығында мектеп оқушыларына аттестаттары табысталған.

– Қаламызда Ұлттық біріңғай тестілеу үш жоғарғы оқу орындарында өткізеді.
Атап айтар болсақ, ОҚМУ, ОҚМПИ, Халықаралық «Silkway» университеттердің базаларында өтеді. Бұл онлайн тестілеудің бір ерекшелігі электронды түрде қанша балл алғаны көрініп тұрады, – деді Ж.Тәжиева.

Ұлттық біріңғай тестілеуден шекті балл ала алмаған тұлғалар жыл бойына қайта тест тапсыруға мүмкіндігі бар. Маусым айында тапсыра алмаған түлектер тамыз айында қайта тестілеуден өте алады. Алайда тамыз айында тапсырған тестілеудің көрсеткішімен тек ақылы оқу орындарына түсуге мүмкіндік беріледі. Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі педагогикалық мамандықтарға шекті балл 70-тен төмен болмауы қажет.

Одан бөлек, басқарма басшысы: «Грант иегері болғыңыз келсе немесе ақылы оқуға түсуге ниетіңіз болса, 70 балдан кем жинамауыңыз міндетті. Былтырғы жылы 3 сағат 40 мин болса, биыл 4 сағатқа дейін ұзартылып, калькулятормен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, тестілеу барысы Білім министрлігінің қадағалауында болады», – деді басқарма басшысы.

Тестілеу барысында түлек бейнебақылау камераларына шпаргалкалар немесе ұялы телефондарды қолданып отырғандығы түсіп қалатын болса, жинаған балының күші жойылады. Яғни, талапкерлерді қатал тәртіп пен күшті талап күтуде.

Маусым айынан бастап «Елбасы медалі» жобасына қатысушыларға тіркеу басталған болатын. Байқауға қатысатындардың жасы 14 жас пен 29 жас аралығында болуы тиіс. «Елбасы Медалін» мақсатына ұмтылған әрбір қазақстандық жас буын иемдене алады.

Бағдарламаға қатысу үшін me.fpp.kz онлайн-платформасына тіркеліп, ұсынылған алтын, күміс немесе қола бағыттарын таңдауына болады.
Тіркелуден өткеннен кейін қатысушылар үш деңгейдің бірін таңдайды: «алтын», «күміс», «қола». «Алтын» деңгейдің ұзақтығы – 18 ай, деңгей 16 жастан жоғары жастарға арналған, «күміс» деңгейдің ұзақтығы – 12 ай, жас шектеуі 15 жастан жоғары, «қола» деңгейінің ұзақтығы – 6 ай, 14 жастан жоғары қатысушыларға арналған.

Қатысушылар өз деңгейіндегі тапсырмаларды үнемі орындап отыруы керек. Өз таланттарын дамытумен айналысу, спортпен шұғылдануға тұрақты әдетті қалыптастыру, құрдастарымен бірге туристік жорыққа бару. Жоба тапсырмаларының бірі қазақ және әлемдік әдебиеттің алтын қорына енген кітаптарды, батыл мақсаттарды қоюға ынталандыратын жеке даму жөніндегі кітаптарды оқуы керек.

– «Елбасы Медалі» жобасы қатысушыларға болашақ мамандығыңды таңдауға септігін тигізеді. Ауқымды жастар жобасының мақсаты еліміздің барлық аймақтарынан дарынды ұл-қыздарды іздеу, олардың бойында жауапкершілік, қайсарлық, мақсатқа жету сынды қасиеттерді тәрбиелеу, – деді орталық директоры Р.Джеренова.