ШЫМКЕНТТЕ 2019 ЖЫЛЫ 524 МЫҢ ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Бұл көрсеткіш өсімі жағынан республикада алғашқы үштіктің қатарында. Жалпы өткен 3 жылда 1,3 млн.шаршы метр тұрғын үй салынды.

Соның ішінде өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 2 836 пәтерлі 53 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 450 көпбалалы отбасы, 242 халықтың әлсіз топтары, 904 жастар баспанамен қамтылды.

-Бірақ та, халықтың жылдам өсуіне байланысты баспана мәселесі өзекті болып тұр. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегіне 140 мың азамат тіркелген .Оның ішінде 5 мыңы көпбалалы отбасылар.

Осыған байланысты биылдан бастап тұрғын үй құрылысы қарқынды жүреді,-дейді Мұрат Әйтенов. Негізгі құрылыс – Шымкент Сити, Тұран, әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында салынады.

Алдағы 3 жылда 32 816 пәтерлі 652 көп қабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде биылғы жылы 12 117 пәтерлі 227 тұрғын үйдің құрылысы жүреді. Жоспар бойынша 4 640 пәтерлі 89 тұрғын үй пайдалануға берілмек.