Шымкентте 1200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді

Шымкент қаласында жекеменшік 1200 орындық (2 ауысымға — 2400 оқушы) жаңа мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды oninfo.kz  ақпарат агенттігі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ғимараттың ашылу салтанатына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, білім ордасының ашылуымен құттықтады.
Білім мекемесіне Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай ұлы ақынның есімі берілді.

Мектепте балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға барлық жағдай жасалған. Білім ордасында оқушылардың қолөнермен, тігін тігумен айналысуына, түрлі өнер үйірмелері мен спорттық шараларға қатысуына мүмкіндігі бар.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің жаңа жүйесі бойынша осындай жекеменшік салынған мектептерге мемлекеттік тапсырыс бойынша жан басына шаққанда қаражат төленеді. Бүгінде бұл жүйеге қаладағы бірқатар мектептер көшкен. Мәселен, 2018-2019 оқу жылында қаладағы 11 жекеменшік мектептің 4200 оқушысы мемлекеттік сатып алу аясында қаржыландырылған.

Салада 2018 жылы 116 орынды 2 жекеменшік шағын орталық және 2541 орынды 55 жекеменшік балабақша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 320 орынды 1 балабақша ашылды.
Сонымен қатар 15 мектептің құрылысы жүргізілді. Жылдың қорытындысымен 4 мектептің құрылысы аяқталып, іске қосылды. Қалған жобалар 2019 жылға өтпелі.