ШЫМКЕНТ: ЖЕКЕ МЕНШІК МЕКТЕПТЕР МЕН ЖАТАҚХАНА САЛУДЫҢ ЖАҢА ТӘСІЛДЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында «Білім беру саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың жаңа тәсілдері» тақырыбында баспасөз брифингі өтті,  деп хабарлайды oninfo.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз жиынында ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ өкілдері студенттік жатақханалар мен жеке меншік мектептерді салу мәселелері бойынша атқарылып жұмыстарын баяндап, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобаларына тоқталды.

-2019 жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша Шымкент қаласы бойынша 13 оқу орнындағы студенттік жатақхана орындарына қажеттілік 8 400 орын-жайды құрайды. Жоба аясында 600 орынға 2 жатақхана енгізілді. Сонымен қатар, жылдың соңына дейін 361 орынға арналған 2 объектіні енгізу жоспарланып отыр. Оқушылар орындарының тапшылығын азайту мақсатында Шымкент қаласында реконструкция жасау арқылы 3777 орындық 8 мектеп және құрылыс салу арқылы 2 352 орындық 3 мектеп ашылды, — деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибрагимов.

Сонымен қатар, аталған орталық 11-12 қыркүйек күндері «Атамекен» АКП, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Shymkent» «әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ алаңдарында «Road Show» форматындағы ақпараттық түсіндіру акциясының аясында бірқатар кездесулер өткізбек.