Шымкент: Тұңғыш Президенті күніне орай БАҚ өкілдері арасында спорттық жарыстар өтті

Шымкент қалалық Ішкі саясат және дін істер басқармасы мен ҚР Журналистер Одағының қалалық филиалының ұйымдастыруымен 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай БАҚ өкілдері арасында спартакиада өтті. Спорттық сайысқа Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан келген 32 команда волейбол, футбол және бильярдтан бақ сынасты.
Спартакиаданың ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай қатысушыларды мерейлі мерекемен құттықтап, спорттық бәйгеде сәттілік тіледі.
Үшінші мегаполистегі Қажымұқан атындағы Орталық стадионында өткен БАҚ спартакиадасында үш спорт түрі бойынша жеңімпаздар анықталып қомақты жүлделерге ие болды.

Тарқатып айтар болсақ, волейболдан бірінші орынды «Оңтүстік» телеарнасы командасы, екінші орынды «Рейтинг-Собкор» құрамасы, қола жүлдені «Ернияз» баспасының ұжымы жеңіп алды. Мұнан бөлек, бес бірдей үздік волейболшы түрлі номинация бойынша жүлдегер атанды. Ал, журналистердің теңбіл доп додасында «Ернияз» баспасы чемпион болса, өңірдегі меншікті тілшілерден жасақталған «Рейтинг-Собкор» құрамасы жүлделі екінші орын, Түркістан облыстық ақпараттық талдау орталығының командасы үшінші орын алды.
Бильярдтан әріптесіміз, журналист Кеңес Исмайловты еске алуға арналған тұңғыш турнирге көршілес Жамбыл облысынан келген әріптестеріміз де бақ сынады. Турнир қортындысы бойынша бас жүлдені «Қазақстан» ұлттық арнасының операторы Нұрлан Нұрбеков («Рейтинг-Собкор» командасы) жеңіп алса, Жамбыл облыстық «Ақжол» газетінің журналистері Ерғали Картайған мен
Табигат Абаилдаев екінші, үшінші орынға тұрақтады.
Тұңғыш Президент күніне орай өткен сайыстың жалпы есептік көрсеткіші бойынша меншікті тілшілердің «Рейтинг-Собкор» құрамасы бір алтын, екі күміспен командалық есепте бірінші орынға шықты.
Жарыстың жабылу рәсімінде қалалық Ішкі саясат және дін істері басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенова жеңiмпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, кубоктар, қаржылай сыйлықтар табыстады.