Шымкент: «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы басталды

Байқау Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында қойылған міндеттерді іске асыру бағытында жүзеге аспақ. Байқаудың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу. Бұл туралы Ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері жөніндегі басқарма басшысы Ж.Бектаева мен «Qazaq Epos» қоғамдық қорының Шымкент қаласы бойынша ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Н.Кенжебай мәлімдеді.

Шымкент қаласының 6-10 сынып оқушыларының арасында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы ұйымдастырылуда. Байқауда қатысушылар 132 беттен 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді. Байқау көптеген ҚР қоғам қайраткерлерінен, мәдениет өкілдерінен, жыршы, термешілерден, танымал журналистер мен саясаткерлерден қолдау тапқан.

«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына қатысуға Шымкент қаласы бойынша 116 мектептен 1094 оқушы, 610 мұғалім тіркелген.
Байқау 2 кезеңнен тұрады: 1-ші кезең аудандық, 2-ші кезең қалалық кезең. Аудандық іріктеу кезеңдері 28-31 қазан күндері, қалалық кезең 6 қараша күні өтеді деп жоспарлануда.

Оқушыларға арналған жүлде қоры: аудандық кезеңде: 1-ші орын үшін 150 000 теңге, 2-ші орын 100 000 теңге, 3-ші орын 50 000 тг.
Қалалық кезеңде 1-ші орын үшін-1 000 000 тг, 2-ші орын-600 000 тг, 3-ші орын 300 000 теңге.
Жеңімпаз оқушылардың мұғалімдеріне арналған жүлде қоры:
Қалалық кезең: 1-ші орын алған оқушының ұстазы кемі 2 000 000 теңге, 2-ші орын кемі 1 200 000 теңге, 3-ші орын кемі 600 000 теңге.