«ШЫМКЕНТ СИТИ» ШАҒЫНАУДАНЫНДА 10 АРЕНДАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға нақты тапсырмалар берген болатын.

Осыған орай Шымкент қаласында Президент тапсырмаларын насихаттау мақсатында ҚР Парламент депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Дархан Сатыбалды іс-сапармен жүр.

Бүгін сенаторлар мен Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұхарбаев Тұран шағынауданындағы көп қабатты үйлердің құрылысы барысымен танысты. Сенат депутаттарымен бірге қалалық құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев та болды.

Айта кетейік, Елбасы тапсырмасына сəйкес, жалпы республика бойынша, көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, бюджеттен жыл сайын 50 млрд теңге қаржы бөлу жоспарлануда.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде 37 144 азамат тіркелген.

Соңғы жылдары Шымкентте пәтер кілтін алушы отбасылар саны артып келе жатқанын аңғаруға болады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2013 жылы 171 пәтер пайдалануға берілген. Ал былтыр, яғни 2018 жылы 1152 пәтер берілді. Осы орайда 2019 жылы «Шымкент Сити» қалашығында 540 пәтер пайдалануға берілу жоспарлануда.

Құрылыспен танысқан шымкенттік сенаторлар атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

#Президент_тапсырмасы #Шымкент_сити

193 рет оқылды
  • 47
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *