Шымкент: Сессияда 2019-2021 жылдарға арналған бюджет мәселесі қаралды

Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс елу жетінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына қала әкімі Ерлан Айтаханов, қала әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудан әкімдері қатысты, деп хабарлайды oninfo.kz тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бекайдар Төлегенов төрағалық еткен сессияның күн тәртібінде 11 мәселе қаралды. Оның негізгісі Шымкент қаласының 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті жайында болды.

Аталған мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр баяндама жасады. Мемлекет қаржысының қай мақсатта және қалай жұмсалатыны жайында бұған дейін тұрақты комиссияда қаралған болатын.

«Өздеріңізге белгілі, республикалық статусқа байланысты қала бюджетінде қаржылық тапшылық орын алған болатын. Бүгінде республикамен қарқынды жұмыстар жүргізіліп, тапшылықтарды жою үшін 6,2 млрд теңге қосымша қаражат бөлінуде. Қаражатты бірінші кезектегі қажеттіліктерге жұмсауымыз керек. Мәселен, жыл соңына дейін Айкөл, Ақжар, Сайрам елдімекендеріне сапалы ауыз су жүргізіледі. Оған қоса Достық шағынауданынан басталатын магистралды су құбыры аяқталып, нәтижесінде Ынтымақ, Жаңатұрлан, Батыс елдімекендеріне су беру мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар, кеше ғана қоғамдық көлік мәселесі шешілген Тұран шағынауданындағы «Әдия» және «Отау» тұрғын үй кешендеріне баратын жол құрылысына да қосымша қаржы қаралды. Жалпы, алдағы уақытта шалғайдағы елдімекендердің жол-инженерлік инфрақұрылым жүйелеріне қаржы қаралатын болады. Спорт және мәдениет нысандарына да келер жылы қаражат қарастырылады» деді қала әкімі Е.Айтаханов.

Сонымен қатар, сессияда Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Нұржан Нәлібаев қосымша баяндама жасады. Жиында одан бөлек Шымкент қаласының Экспорт жөніндегі өңірлік кеңесінің дербес құрамын бекіту туралы шешіміне өзгерістер енгізілді.