ШЫМКЕНТ: ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ 109 ЖАҢА АВТОКӨЛІКПЕН ТОЛЫҚТЫ

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов жаңа жыл қарсаңында Полиция департаментінің қызметкерлеріне жаңа қызметтік автокөліктердің кілтін табыстады. Осылайша Полиция департаментінің көлік паркі отандық өндірісте құрастырылған 109 жаңа автомобильмен толықты.

Аталған қызметтік көліктер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ішкі істер қызметі жұмысының тиімділігін арттыру тапсырмасы бойынша беріліп отыр.
Полиция қызметкерлерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтаған қала басшысы құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту полицейлердің жұмысын тиімдірек ететінін атап өтті. Сонымен қатар, Ерлан Қуанышұлы Полиция қызметкерлеріне мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс істеп, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді баса айтты.

Барлық автокөліктер заманауи арнайы техникамен, бейнетіркеуіштермен және навигациялық жүйелермен жабдықталған. Бұл нақты уақыт режимінде ұстау топтарының жұмысын үйлестіруге және нарядтардың оқиға орнына немесе күзетілетін объектіге келу уақытын азайтуға мүмкіндік береді.
Іс-шара салтанатты шерумен аяқталды.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі