ШЫМКЕНТ: ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ НҰРҒАЗЫ БҰХАРБАЙ БАҚ ӨКІЛДЕРІ ҮШІН БРИФИНГ ӨТКІЗДІ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бес институционалды реформасы – елді дамытуда және оны жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында республикада қоғамдық кеңестер құрылды.

Қоғамдық кеңестің негізгі міндеттері — ұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалардың және нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу; жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарау, жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету, өзінің құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру.

Қазақстанда республикалық және жергілікті деңгейде 229 қоғамдық кеңес бар (республикалық деңгейде – 16, облыстық деңгейде – 213). Оның 22 пайызы мемлекеттік орган, 20 пайызы үкіметтік емес ұйымның өкілдерінен тұрады.

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 9-бабының 5-тармағына сәйкес, Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесінің құрамы 2019 жылғы 29 наурызда құрылды.
Кеңес құрамында дін, денсаулық, білім, кәсіпкерлік, ардагерлер, жастар, өнер және 6 үкіметтік емес ұйым өкілі болса, қалған құрам азаматтық сектор өкілдері.

2019 жылы Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің 7 мәжілісі өткізілді. Онда басқармалар мен департаменттердің басшыларының есебі тыңдалып, түйткілді тұстары бойынша ұсыныспен шығып, қоғамдық кеңес шешімдері әкімдік аппараттарына ұсынылды.

Бүгінгі таңға дейін мәжілісте 23 нормативтік құқықтық актілер мен жобалар қаралып қоғамдық кеңес құрамымен келісілді. Күні бүгінге дейін кеңесте 14 тақырып қаралып, есептер тыңдалды.

Әрбір кеңес отырысында айтылған ұсыныстардың жалпы саны 40-тан астам. Оның барлығы бақылауда, және орындалуы үшін уақытты қажет етеді.