Шымкент: Әлеуметтік портал іске қосылады

👁‍🗨  

2020 жылдан бастап Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар оңалту құралдары мен арнайы қызметтерге тапсырыс бере алады. Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің сапасын арттыру және қолжетімділігін жаңғырту мақсатында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап елдің бүкіл аумағында Әлеуметтік қызметтер порталы енгізіледі, деп хабарлайды oninfo.kz ақпарат агенттігі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы қалалық әкімдіктің ақпараттық-коммуникация орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаев мәлімдеді.  Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарды, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды. Бүгінде оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін алуға мүгедектік белгіленген сәттен бастап 8 айға дейінгі уақыт кетеді. Бұл мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізудің ұзақтығына байланысты. Ал Порталды енгізу оңалту қызметтеріне қажеттілікті есепке алудың ашық еместігінің факторын болдырмауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, мүгедектігі бар адамдар тауардың және қызметтің қажетті түрін өз бетінше таңдай алады.