Шымкент: Депутаттардың сынына іліккен туризм басқармасы дайындықпен келді

ДЕПУТАТТАР ДЕНДРОСАЯБАҚҚА КІРУ АҚЫСЫН ТЕГІН ЕТУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫС БІЛДІРДІ.

Алтыншы шақырылған Шымкент қаласы мәслихатының кезекті елу алтыншы сессия алдындағы тұрақты комиссиясының бірлескен отырысы өтті.

Мәжіліске қала мәслихатының депутаттары мен басқарма басшылары қатысты.

Бұл жолы Бюджет және басқару мәселелері жөніндегі және Әлеуметтік саланы дамыту мәселелері мен Жергілікті өзін-өзі басқару және заңдылықты сақтау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларының мүшелері күн тәртібі жобасындағы он алты мәселені талқылап, сала басшыларына бірқатар сын-ескертпелер мен ұсыныстар айтты.

Екі күн бұрын өткен бірлескен отырыста Асанбай Асқаров атындағы Дендросаябаққа кіру ақысы қызу талқыға түсіп, депутаттар тарапынан тарифті қайта қарау жөнінде ұсыныс берілген болатын. Бұл жиында да саябаққа кіру құны депутаттар арасында пікірталас тудырды.

Басқарма басшысы Ахмет Татыбаев есеп беру барысында дендросаябақты күтіп ұстауға қаражаттың жетіспейтіндігін айтып, кіру бағасын 100 теңгеге көтеруді ұсынды. Ал депутаттар, адамдардың таза ауамен тыныстап, бой сергітетін саябаққа кіру халық игілігі үшін ақысыз болса деген ұсыныс білдірді.

Ал, депутаттардың сынына іліккен туризм басқармасы бұл жиынға тыңғылықты дайындалып келіпті. Басқарма басшысы Тұрар Ахметов басқрамаға жүктелген міндеттерге сәйкес жұмыстарын орындап, қаланың туристік қызметін жетілдіре түсу үшін Шымкент қаласы туралы туристік карта, фотоальбом, брошюралар, жолнұсқаушы шағын кітапшалар әзірлепті. Депутаттар туризм басшысының есебін қабылдап, алдағы уақытта туризмді дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.

Сонымен қатар, отырыста сегіз басқарманың басшылары биылғы жылдың сегіз айында атқарылған жұмыстары мен қарастырылған қаржының игерілуі туралы есеп берді.Жиын барысында алдағы атқарылар жұмыстар жайлы пікір алмасып, депутаттар тарапынан сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар алынды.

Мәжілісте айтылған ұсыныстар қала мәслихатының елу алтыншы кезекті сессия қарауына шығарылатын болады. Бірлескен отырысты Жергілікті өзін-өзі басқару және заңдылықты сақтау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Еркін Сатқанбаев жүргізді.

#ШымкентКелбеті