«SHYMKENT CITY» — Е.АЙТАХАНОВТЫҢ БАҚЫЛАУЫНДА

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов кезекті рет «Shymkent City» тұрғын алабында болды, деп хабарлайды oninfo.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ондағы коммуналдық мәселелер бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың барысын бақылап, тұрғындармен кездесті.

Айта кетейік, қала басшысы сенбі күні аталған шағынауданның кезек күттірмейтін инфрақұрылым мәселесін шешу мақсатында арнайы барып танысқан болатын.

Тұрғындармен кездесу барысында әкім ондағы мәселе түбегейлі шешімін тапқанша күнара өзі арнайы келіп, жұмыстың барысын бақылайтынын айтқан.
Айтылған сын мен берілген тапсырманың нәтижесінде жауапты сала мамандары екі күнде №9, 10 үйлерге жылы су берілсе, 732 пәтерлі 12 көп қабатты үйге жылу берілді. Мамандар әр пәтерді аралап, жылудың толықтай қосылуын бақылауда.

Сонымен қатар, тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында «ҚазТрансГаз Аймақ» ЖШС-не тиісті техникалық құжаттар рәсімделуде. Салаға жауапты мамандар аталған құжат дайын болғанда тұрғындар тарапынан дербес шот толығымен ашылу қажет екенін, сонда ғана газ берілетінін жеткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Шаһар басшысы, бұдан бөлек, «Shymkent City» тұрғын алабында салынып жатқан тұрғын үйлер мен мектептің және жылыту қазандығының құрылысын аралап көрді. Құрылысты салушы мердігерлермен кездесуде Ерлан Қуанышұлы құрылыс сапасына баса назар аударып, жұмысты жоспарға сай аяқтау керегін қатаң тапсырды.