ШЫМКЕНТ: БЛОК-БЕКЕТТЕРТЕ РҰҚСАТЫ ЖОҚ АВТОКӨЛІК ҚАЙДА БАРАДЫ?

Шымкент қаласында короновирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында сақтық шаралары күшейтілуде. Осыған орай қалада 18 блок-бекет жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсысы бейнебақылау камералары және дрондармен қамтылған.

Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Блок-бекеттерден соңғы 3 күн ішінде шыққан автокөлік саны 929 (1869 азамат), кірген 742 (1360 азамат), транзит 1548 (2754 азамат) тексеріліп өткізілген, рұқсаты жоқ 6090 автокөлік өткізілмей, қайтарылған.

«Блок-бекеттерде төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 3 жайт орын алып, ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабымен (Төтенше жағдай режимiн бұзу) хаттамалар толтырылған. Оған сәйкес, ескерту жасауға немесе 10 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады. Олардың 1-уі соттан өткен, қалған 2 жайт бойынша материал жинақталып, сотқа жолданды», — делінген хабарламада.

Еске салсақ, Шымкентте 4 сәуір күні сағат 21:00-ден бастап карантин режимі енгізілді.

Шымкент қаласы төтенше жағдай жөніндегі штабы