ШЫМКЕНТ: АРНАЙЫ МОНИТОРИНГТІК ТОП МҮШЕЛЕРІНІҢ ҚАТАРЫ ТОЛЫҚТЫ

Бүгін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жанындағы Арнайы мониторингтік топтың кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібінде Арнайы мониторингтік топпен атқарылған жұмыстар мен Топтың мүшелігіне азаматтарды қабылдау, алға қойылған мақсаттарды нақтылау болып табылады.

Жиында төрағалық еткен Департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев Топқа жаңадан қосылған азаматтарды таныстырып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия барлық қоғамды осы келеңсіз құбылыспен күресте күш-жігерді біріктіруге бағыттайтындығына тоқталды.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда, онымен күресте белсенділік танытып отырған азаматтардың көбейгендігін тілге тиек етіп, қоғам болып күресу арқылы жемқорлықты жоюға болатындығын жеткізді.

Одан әрі сөз алған Департаменттің Алдын алу басқармасының басшысы Н.Қасымбеков Арнайы мониторингтік топтың атқаратын қызметі мен қоғамдағы рөліне тоқталып, алдағы жұмыстарды бірлесе жандандыру қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде, аталған топтың мүшесі ретінде Ә.Әссанди атқарылған жұмыстармен көпшілікті таныстырып, өз тәжірибесімен бөлісті.

Отырыста көпшіліктің келісімімен Арнайы мониторингтік топтың басшысы ретінде Ә.Әссанди және басшының орынбасары болып Ж.Өтеген тағайындалды.
Сондай-ақ, әр қатысушы Топтың жұмысы мен оның жоспарына қатысты ойларымен бөлісті.

Айта кетейік, Арнайы мониторингтік топ құрамы қоғам белсенділері мен журналистер, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар, жастар, партия және тағы да басқа сала өкілдерінен құралған.