Шымкент: Арбатта «Домбыра думан» өтті

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шымкент қаласының Арбатында Жастар ресурстық орталығы еріктілерінің ұйымдастыруымен «Домбыра думан» іс-шарасы өтті.

Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымызды бойымызда мәңгі қалдыру, жастар арасында қазақтың төл өнері домбыра аспабын кеңінен насихаттау. Аталған шара 4 сағатқа созылды. Арбатқа жиналған тыңдармандар халық композиторларының әндері мен күйлерін тыңдады және жас таланттармен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен шілденің алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді.  Қазақтың бойтұмары, ұлттық руханияттың мәйегі саналатын домбыра қай қазақтың да жанына жақын. Ол – тар жол, тайғақ кешу жолдарын бастан өткерген қазақ тарихын парақтауға негіз бола алды. Ұлтымыздың болмысына куә болған әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне жан бітіріп, оның құнды қалпын сақтауға тірек болғанын жақсы білеміз. Ендеше, бұл мереке Ұлыс күні – Наурыз секілді бүкілхалықтық сипатқа ие болуы тиіс. Өскелең ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіріп, ұлттық кодты сақтауымыздың тірегі де осынау мерейлі мерекеден басталса құба-құп.

Таңданыстан «әр бәйгеден бір жүйрік шығады екен-ау» десті. Ұйымдастырушы ұжым сұраныстарыңыз бойынша әр аптада аталған әуенді думанды ұйымдастыруға дайын екенін айтады. Ұлттық өнер әрдайым елімізде дами берсін.