Шымкент қаласының шеткі елді мекендеріне жаңа қоғамдық көлік жүре бастады

«Бозарық» шағынауданына №171 бағытта 12 жаңа автобус жүре бастады, деп хабарлайды oninfo.kz ақпарат агенттігі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бозарық» шағынауданындағы тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Себебі, бүгіннен бастап аталған шағынауданға №171 бағытта су жаңа автобустар жолаушыларды тасымалдай бастады. Жалпы бұл бағытта 12 автобус қызмет көрсетуде.

Жаңа бағыттағы автобус «Бозарық» шағынауданынан Темір жол вокзалына дейін жүреді. Атап айтсақ, Бозарық – Еламан – Тұран – Қайнар – Ипподром – Зообақ – Тұлпар – Дендросаябақ – Нұрсәт шағынауданы – Айқап 1,2 – Дулати – Тоқыма фабрикасы – Кең баба – Орталық базар – АР3 – Темір жол вокзалы бағыттары бойынша қызмет көрсетеді. Автобустардың қозғалыс аралығы — 10 минут.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Наурыз Сүгірәлиевтің айтуынша, жоспарланған 300 автобустың 280-ы қалаға әкелінген. Қалғаны таяу уақытта толық жеткізіледі.

— Жеті бағытта жаңа автобустар жолға шықса, екі-үш күнде тағы 2-3 бағытты жүргізу жоспарда. Бұлардың бәрі де қаланың орталығында қатынап жатыр. Бірқатар мәселелер шешімін тапты. 16 бағыт тоқтап қалған еді. Оны қайта жүргіздік. 45 бағыт шағын автобус еді. Кеңейту бойынша көп шағымдар түсті. Қазір ол бағытта да жаңа автобустарды қатарға қостық. Бұл бағыттағы бұрынғы ескі автобустар да қосымша жүре береді. Қайсысына міну – ол халықтың таңдауы. 71 бағыт бойынша 171 жаңа бағытты ашылды, – дейді бөлім басшысы.

Наурыз Сүгірәлиевтің баяндауынша, қалған 700 автобус келесі жылдың ортасына дейін толық әкелінеді деп жоспарлануда. Ал бүгінде шалғайдағы елдімекендердің бәрі әлеуметтік бағыттармен қамтылған.