Шымкент қаласының әкімдігі Арыстағы 694 үйді қалпына келтіреді

Бүгін Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла Əбдірахымов Арыс қаласына барды. Сапар барысында шаһар басшысы Арыс қаласын қалпына келтіру штабында болып, Шымкентке тиесілі секторда атқарылатын жұмыстармен танысты.

— Шымкент қаласына 10 сектор бөлінген, онда 694 үй бар. Олардың сметасы толық жасалып, жөндеу жұмыстары басталып кетті. Құрылыс жұмыстары менің тұрақты бақылауымда, ол алдағы бір айда толық аяқталатын болады, — деді Ғ. Əбдірахымов.

Еске салсақ, Арыс қаласы мен қала маңында 8867 үй бар. Соның 6127 үйі жарылыстан зардап шеккен. 27 үй толықтай қайтадан салынады.

Қазіргі таңда Арыс қаласы 17 секторға бөлінген. Бұл секторлардағы жөндеу жұмыстарына республиканың 16 облысынан және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 170 арнайы бригада келіп, 1194 құрылысшы іске кірісті. Олар тұрғын үйлерді бағалау жұмыстарын жүргізіп, 435 үйге жөндеу жұмыстарын бастап кетті.

Айта кетерлігі, қазір Арыстағы жарамсыз күйге түскен және зақым келген үйлерді тіркеу, шығынын есептеу шаралары жүйеленуде. Әрбір облыс, әрбір аудан, қалам әкімдіктері өздеріне бөлінген аумақта жұмысты бастады. Арыс қаласында азық-түлік дүкендері мен наубайхана лар да ойдағыдай қызмет атқаруда. Қала аумағында және өзге аудан, қалаларға қатынайтын көлік тасымалы да бұрынғыша қалыпқа келтірілді. Үйі жарамсыз болып қалған тұрғындарға 800 орындық уақытша лагерь дайындалды. Ол үш мезгіл тамақпен қамтылған. Сонымен қатар, жауапты мамандар саперлардың қала аумағын таңнан кешке дейін аралап, тазалау, тексереу жұмыстарын жалғастырып жатқанын, ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Осы орайда мамандар тұрғындар күмәнді заттарды байқаса, дереу 112 және 102 нөмірлеріне хабарласу керектігін айтады.

#Шымкенткелбеті