Шымкент қаласында мемлекеттік қызметшілердің жалақысы жоғарылады

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ә.Көмекбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында хабарлады.

2018 жылдың басынан бері Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бастамасы бойынша Астана қаласы, Маңғыстау облысы әкімі аппараттарында, Әділет министрлігінде және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде жалақы төлеудің жаңа жүйесі пилоттық апробациясы іске қосылды. Онда қазіргі таңда факторлы-балдық шкала бойынша жалақы төленуде.

Жаңа жүйе екі бөліктен құралатын болады, ол факторлы-балдық шкала негізіндегі кепілдендірілген лауазымдық жалақы және бонустар.

Қызметкердің кепілдендірілген лауазымдық жалақысы негізгі үш факторды ескере отырып анықталатын болады: жауапкершілік деңгейі, кәсіби білім мен тәжірибе деңгейі және шешіліп жатқан тапсырмалардың қиындығы. Ал, табыстың екінші бөлігі болып табылатын бонустар, жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік органның мақсат, міндеттеріне қол жеткізуіндегі қызметкердің нақты қосқан үлесіне қарай төленеді.

Шымкент қаласы бойынша Департамент басшысы өзінің жеке мысалында осы жүйенің апробация барысымен бөлісті.

Әли Амантайұлының айтуынша, Департамент бас маманының лауазымдық жалақысы 91 мың теңгеден 219 мың теңгеге дейін көтеріліп, қызметшілердің материалдық жағдайына елеулі үлес қосты.

Бұдан бөлек, агенттік төрағасының тапсырмасы бойынша бос лауазымдарды 20% жеткізіп, одан үнемделген қаржыны қызметшілерге үстеме төлеуге бағыттау керектігін атап өтті.

Нәтижесінде, Департаменттің бас мамандары мен жетекші мамандарының жалақысын 30% көтеру мүмкіндігі пайда болып отыр.

Сондай-ақ, факторлы-балдық шкала жүйесі бойынша тиімді қызметші жыл қорытындысы бойынша 4 жалақыдан басталатын бонусқа үміткер бола алады.

Яғни, жаңа жүйе қызметшінің ауыспалы бөлікті жай ғана алмай, оны табыс ретінде табатындай етіп жалақы төлеу жүйесін құрауға мүмкіндік береді.

Аталған жүйе ешбір жағдайда қызметшілердің болжамды табысын нақты шектемейді. Бұл жүйе қызметші миллионды жоспарласа, соны жұмыс істеп табуына жағдай жасайды. Дәл сол үшін жалақы төлеудің жаңа жүйесінде жемісті жұмысқа мықты ынталандыру болатын бонустар қарастырылған.

Брифинг барысында Департамент басшысы тестіленіп жатқан жүйенің маңыздылығын атап өтіп, қызметшілердің әлеуметтік-баспана жағдайларын жақсартуға үмітін тудырғанын, жедел тапсырмаларды шешу барысында бастамашылдығы мен дербестігін арттырғанын, жеке кәсіби даму мен жетілдіруде ынталандыру жүйесін құрғанын айтты.

859 рет оқылды
  • 29
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *