ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТІ ЕСЕП БЕРДІ

Бүгін Ақпараттық коммуникациялар орталығында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшылығы брифинг берді.

Брифингте Департамент басшысы А.Жұмағали және басшының орынбасарлары Т.Серікбаев, К.Қабылбеков Департамент тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Брифинг барысында департамент басшысы Асхат Жұмағалиұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып белгіленгендігін атап өтті. Осы мақсатта, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе кешенді шаралар атқаруда.

Департамент басшысы жыл басынан бері Департаментпен 41 қылмыс, оның ішінде 31-і сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелгендігі жөнінде хабардар етті. Анықталған жемқорлық қылмыстарының басым бөлігін парақорлық (20) және жымқыру (18) құрайды. Салаларға бөліп қарағанда құқық қорғау органдарында — 10 қылмыс, ауыл шаруашылығы саласында – 5, жер қатынастарында – 3, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларында – біреуден (1) анықталған.

Жалпы алғанда жыл басынан сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін 33 тұлға, оның ішінде 1-і республикалық, 3-і облыстық, 2-і – аудандық деңгейдегі басшылар ұсталған, 23-і сотталған.

Қылмыстық істер бойынша жемқорлық қылмыстарды жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою бойынша 100-ден астам ұсыну енгізілді.Олардың барлығы еңбек ұжымдарында қаралды.Қарау қорытындысы бойынша 39 лауазымды тұлға әртүрлі тәртіптік жазаға тартылды, оның ішінде 4-і атқарып отырған лауазымынан босатылса, 11-і жұмыстан босатылған.

Сонымен қатар, Департамент басшысының бірінші орынбасары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша Департаментпен атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Брифинг барысында «Адалдық алаңы», «Protecting business and investments» (Бизнеспен инвесторларды қорғау), «Сапалы жол», «Адал ұрпақ», «Саналы Ұрпақ», «Адал жол» және «Ашық бюджеттің интерактивті картасы» жобаларының Шымкент қаласында жүзеге асырылуы бойынша кеңейтілген мәліметтер берілді.
Сондай-ақ, «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйінің мониторингі» зерттеуі аясында Transparency Kazakhstan сарапшыларының әлеуметтік зерттеу нәтижелері жария етілді, онда респонденттердің жартысынан астамы, атап айтқанда 54,4% соңғы жылдары сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендегенін атап өткен.