Шымкент қаласы 2020 жылы ТМД мәдени астанасы

Бүгін Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері қала әкімі Ерлан Айтахановпен кездесуге келді, деп хабарлайды oninfo.kz ақпарат агенттігі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа тағайындалған қала әкімінің жұмысына сәттілік тілей келген ел ағалары өз тараптарынан тілектерін жеткізіп, ақ баталарын берді.

Әңгіме барысында қоғамның бірлігі мен ынтымағын арттыру және қала мәдениетін дамыту жайы сөз болды. Өз кезегінде, қала әкімі арнайы келген ел ағаларына алғысын білдіріп, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті.

«Мемлекет басшысы Шымкент қаласын өркендету және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар беріп отыр. Яғни, қаланың шеткі аймақтарындағы шағынаудандардың инфрақұрылымын дамыту — басты тапсырмаларының бірі. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыратын боламыз», — деді өз сөзінде Е. Айтаханов.

Сонымен қатар, басқосуда әлеуметтік салалардағы ауқымды мәселелер талқыланды.

Сөз соңында қала басшысы зиялы қауым өкілдерін келер жылы өтетін Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мәдени астанасы жылын абыроймен өткізу үшін бір кісідей атсалысуға шақырды.