Шымкент қалалық соты 2019 жылдың 1-жартыжылдығын қорытындылады

Шымкент қалалық сотында Шымкент қаласы соттарының 2019 жылдың 6 айында сот төрелігін жүзеге асыру барысында атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша кеңейтілген Кеңес өтті, деп хабарлайды oninfo.kz Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Серік Абнасиров, Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбеков, қалалық соттың алқа төрағалары, қала судьялары, Соттар әкімшісінің басшылығы мен бөлім басшылары  қатысты.

Кеңейтілген Кеңес жұмысын аша отырып, төраға Е.Рахымбеков: «Халықаралық ұйымдардың пікіріне қарағанда, соңғы жылдары соттарымыз қолжетімді бола түскен. Шын мәнінде, бүгінгі таңда еліміздегі сот жүйесі жобалық басқарудың талаптарын басшылыққа алып үздіксіз даму үстінде. Қоғамдағы адамдардың талабының жылдан жылға өсуі және экономикалық қатынастардың өзгеруі сот жүйесіне де әсерін тигізуде. Осыған байланысты, кейінгі жылдары еліміздегі сияқты Шымкенттің соттары да «халықтың сеніміне қалай ие боламыз» — деген сұраққа жауап іздеп, қоғамның қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған игі іс-шараларды ұйымдастырып, іске асыруда. Дегенмен, жыл соңына қарай жоғары көрсеткіштерге жету мәселесі күн тәртібінде тұр! Ол жөнінде бүгінгі кеңейтілген Кеңесте жан-жақты айтылып, талқыланатын болады!» — деді.

Мұнан әрі қылмыстық істерді қарау нәтижелері туралы Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ербол Жанғазин баяндама жасады. Ол осы жылдың 1-жартыжылдығында қаладағы соттарға 1310 қылмыстық іс түскенін және бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,8%-ға артық екенін айтты. Биылғы алты айда қылмыстық істер бойынша 18 ақтау үкімі шығарылған. Оның ішінде 2-еуі ауыр және 1-еуі аса ауыр қылмыс бойынша ақталғанына тоқталды.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұқтар Парменов ағымдағы жылдың алты  айында Шымкент қаласының аудандық және оларға теңестірілген соттарына 15 196 талапарыз түскенін және бұл 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 831 арызға көп екенін немесе 23%-ға артқанын айтты. «Татуласу: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасын жүзеге асыру нәтижесінде сот медиациясымен аяқталған істердің саны өсіп, татуластыру рәсімдерін қолдану нәтижесінде биылғы жылдың 6 айында 905 іс аяқталғанын, бұл жалпы аяқталған істердің 12,2 пайызын құрайтынын тілге тиек етті.

Сонымен қатар, Соттар әкімшісінің басшысы Нұрсұлтан Байтілесов Шымкент қаласындағы электронды сот төрелігінің жүзеге асырылу барысы және қолға алған игі бастамалар туралы баяндады.

Жоғарғы Сотының судьясы С.Абнасиров: 10 шілде күні Жоғарғы Соттың төрағасы Жақып Асанов 2019 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындысы бойынша судьялардың кеңейтілген Кеңесінде: «Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасы аясында ондаған пилоттық жобаларды іске асыру нәтижелері: «Түнгі» және «Отбасылық» соттар, «Татуластырушы-судья», «Судья көмекшісі», соттан тыс татуласу орталықтары, фронт-кеңселер және тағы басқа жобалардың адамдарға шынымен пайдалы екендігіне көз жеткіздік, осылайша ең түйткілді мәселелерді еңсердік. Шектен тыс жүктеме бойынша жағдай тұрақтанды. Кешенді әрі жүйелі жұмыс атқарылуда, оның мақсаты – сот төрелігін сапалы жүзеге асыру», — деп айтқан сөзін жеткізді.

Кеңесті төраға Е.Рахымбеков қорытындылап: «Алдағы уақытта халықтың сот жүйесіне деген сенімі артып, жақсы нәтижеге жету үшін көптеген іс-шараларды атқаруымыз керек. Олардың қатарында соттарда айыптаушылық көзқарасты төмендету, сот рәсімдерін оңайлату, татуласу институтын одан әрі жетілдіру, әкімшілік соттарда құқықтарды қорғауды күшейту, сот актілерінің сапасын арттыру, соттардағы жемқорлықтың алдын алу міндеттері тұр.» — деді. Сөз соңында сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту, судьялар мен сот мамандарының кәсіби деңгейін арттыру мақсатында, алдағы атқарылатын жұмыстар мен тапсырмаларды нақтыланды.

Кеңестен кейін Жоғарғы Соттың судьясы Серік Қазыбекұлы Шымкент қаласының Әл-Фараби, Абай, Қаратау, Еңбекші аудандық және мамандандырылған соттарды аралап, олардың жұмыстарымен танысты.