Шетел тәжірибесі – Шымкент мектептерінде

С.Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейде қалалық дәстүрлі тамыз педагогикалық кеңесінің секциялық отырысы өтті. Жиынға Алматы менеджемент университетінің бірінші проекторы А.Қанағатова, ҚР білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі балалық шақ республикалық орталығының бөлім басшысы Г.Князбаева, Талдықорған қаласындағы физика-математикалық бағыттағы НЗМ балабақша әдіскері А.Балшенова, білім басқармасының өкілдері мен мұғалімдер қатысты.

Кездесуде «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында мектептегі білім менеджементі бойынша әдіс үйретілді. Қазіргі жаңартылған білім жүйесі Финляндияда қолданылатын ең үздік білім беру технологияларына негізделген. Осы орайда Шымкент қаласынан 2017-2018 жылдары Фин еліне «Болашақ» бағдарламасы аясында 5 мұғалім барып, іс-тәжірибемен танысып қайтты. Соның бірі – №35 орта мектеп директоры Сәуле Қалыбеков үйренген тәжірибиесін өзі басқарып отырған білім мекемесінде қалай қолданылып жатқаны жайлы тоқталып өтті.
– Мектепте математика және физика пәндерінің тұрмыстық жағдайда қолданылуы мен ағылшын тілін оқытуда үй жағдайында диалогты оқу мүмкіндіктерін пайдаландық. Бұған қоса ІТ саласын кеңінен пайдалану мақсатында мұғалімдер және оқушылармен бірге Google Drive сервері арқылы жоспар құрдық. Қазіргі таңда қашықтықтан оқыту, яғни, электронды оқытудың жетілдірілген түрі – «Смарт-оқыту» жүйесін жолға қойдық. Қашықтықтан оқытудың тағы бір тиімділігі – белгілі себептермен мектепке келмеген, сабақты толық меңгермеген оқушылар қашықтықтан сабақты шектеусіз уақытқа дейін қайта оқып шыға алады, – деді Сәуле Жантөреқызы.

Финляндиядағы білім беру жүйесінің тағы бір ерекшелігі — оқушының мектеп партасында ұзақ отырмауы. Әлемнің озық елдері санатына кірген Жапония, Италия сынды елдердің білім беру жүйелері де теориядан практиканың басымдылығымен ерешеленеді. Ал еліміздегі жаңартылған білім жүйесінде оқушының партада отыру уақытын аптасына 14-16 сағатқа қысқартып, сабақтардың басым бөлігін практика ретінде және тақырыпты әртүрлі ойын арқылы оқушының санасына сіңдіру жолға қойылмақ.

Дерек көзі: shymkala.kz

 

55 рет оқылды

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *