«ШАТҚАЛ». СҰРАУСЫЗ ҚАЛҒАН МИЛЛИАРД

Екі жыл бұрын жақсы ниетпен сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы және Шымкент қаласы аумағындағы үлкен сай-салаларды көгалдандыру мақсатымен «Шатқал» бағдарламасы бастау алды. Оған бюджеттен қыруар ақша жұмсалды. Бүгінде сол жерлер кімнің қарауында? Қазіргі таңда әкімдіктегілер «шатқал» деп аталып кеткен орындар жекеменшікте дейді. Сонда миллиардтаған қаржы қайда кетті? Бұл іске кім жауапты?

2018 жылдың 28 қыркүйегінде Елбасы Шымкентке жұмыс сапарымен келгенде әрбір тиынның қайда кеткенін Nur Otan мен жергілікті мәслихат қадағалауы керек деген болатын. Барлық нәрсенің сұрауы бар.

Бүгін қала аумағындағы үлкен шатқалдың біріне бардым. Есігі ашық, жіппен байлап қойған. Демек қараусыз. Егілген ағаштар қурап тұр. Қоқыс төгілген. Камаз-камаз топырақ қазылып алынғаны анық көрініп тұр. Сонда қаражат қайда жұмсалды?

Дәл сол ақшаға бірнеше көпқабатты тұрғын үй немесе мектеп салуға болар еді. Мынау «шатқал» жай ғана ақшаны аспанға ұшыру емес пе?!

Н.БҰХАРБАЙ
Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, мәслихат депутаты, Nur otan фракциясының мүшесі.