Ө.Шөкеев: Әрбір аудан әкімі тұрғын үйлерді тексерсін

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтың төрағалығымен облыс аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу және қоғамдық-саяси ахуалдың жай-күйі талқыланған аппарат мәжілісі өтті, деп хабарлайды oninfo.kz ақпарат агенттігі облыстың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов өрт қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстармен таныстырды.

Оның айтуынша, 2018-2019 жылғы жылыту маусымы басталғалы департаменттің қызметкерлері 76 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, 302 мыңға жуық  адамға улы газдан қорғану, өрт қауіпсіздігін сақтау жолдары бойынша нұсқаулықтар берілген. Қаңтар айынан бастап әр сенбі күні облыс аумағында «Тұрғын үйде өрт қауіпсіздігі күні» етіп белгіленіп, департамент гарнизонының барлық жеке құрамы қала, ауыл, елді мекендерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бүгінде Түркістан облысында   22105 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылса, қатты отынмен жылытылатын үйлер саны – 178711.  Ал 15140 үй сұйық отынмен, 142415 үй табиғи газбен жабдықталған. Қазіргі таңда өңірдегі үйлерге табиғи және улы газдың иісін анықтайтын газ-дабыл құрылғысын орнату жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар тұрғындар көбірек шоғырланатын әлеуметтік және мәдени нысандардың қауіпсіздігі де қайта тексерілуі керек. Департамент басшысы облыста су тасқыны қаупі жоқ екенін және бұл мәселе бақылауда екенін мәлімдеді.

Өмірзақ Шөкеев жауапты басшыларға газ және өрт қауіпсіздігі жұмыстарын күшейту жөнінде тапсырма берді.

«Тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Әрбір аудан әкімі және тиісті сала басшылары өздері басқаратын аумақтағы тұрғын үйлерді тексерсін. Өртке қарсы және газдан уланудың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, тұрғындардың қауіпсіздігіне мән бергендері жөн. Егер өртке қатысты жазатайым оқиға болса және қауіпсіздікке қатысты жұмыстар дұрыс атқарылмағаны анықталса, сол басшылар жауапкершілікке тартылады», – деді өңір басшысы.

Жиында күн тәртібіндегі өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал бойынша облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, бүгінде облыс аумағында әлеуметтік шиеленіс жағдайларының алдын-алу мақсатында БАҚ-да жарияланған сыни материалдар, азаматтардың жазбаша арыз-шағымдары мен социологиялық зерттеулер нәтижесімен анықталған мәселелер тұрақты түрде талданып тұрады.  Әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында облыстық дағдарысқа қарсы штаб құрылған. 2018 жылы штабтың 6 отырысы өткізіліп, проблемалық мәселелер тізбесіндегі 11 мәселе оң шешімін тапқан. Басқарма тарапынан қоғамдық тұрақтылықты сақтау, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев аудан әкімдері мен басқарма басшылары елді толғандырған әрбір мәселені тұрақты бақылауға алып, тұрғындардың талап-тілегін назарда ұстау керектігін айтты.

«Елбасымыз «Нұр Отан» партиясының съезінде елдің тұрмысын, әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Әлеуметтік салаға көңіл бөлініп жатыр. Сондықтан әртүрлі деңгейдегі әкімдер өздері қызмет ететін аумақтағы тұрғындарға осы көмектің сапалы жетуіне тікелей жауапты. Осы бастамалар мен мемлекет тарапынан берілетін көмектердің мәнін облыс тұрғындарына жеткізу және түсіндіру жұмыстары атқарылсын», – деген облыс әкімі тиісті сала басшыларына хаттамалық тапсырмалар берді.

1 223 рет оқылды
  • 305
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *