Ө.Шөкеев: Біз университет мәртебесін көтермей, Түркістанды көтере алмаймыз

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ерекше мәртебе берілді. Осыған байланысты облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аталған оқу орнына арнайы құттықтап барып, жиын өткізді.


«Ерекше мәртебеге ие болған білім ордасы айрықша құзіреттілікке де қол жеткізеді. Университет ұжымы осы мүмкіндікті сәтті пайдаланады деп сенемін. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын арттыруға, оның халықаралық стандарттарға сай болуына, ғылым мен білімнің интеграциясына баса назар аударып отыр. Бұл, әсіресе, түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы әрі Түркістан облысының білім-ғылым хабы ретінде дамуға бет алған Түркістан қаласы үшін өте маңызды», – деді Өмірзақ Естайұлы.


Мәртебені беруде облыс әкімінің еңбегі зор екенін айта кету керек.
Басқосуда өңір басшысы Түркістан облысын дамытудың 4 бағытын іске асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ, ол оқу ордасының облысымыздың білім саласын дамытуға елеулі үлес қосатынына ерекше тоқталды.
Бүгінде университетте 20 мемлекеттің өрендері білім алады. Ерекше мәртебенің арқасында оқу орны үлкен академиялық және басқарушылық дербестік алды. Сондай-ақ, Ph.D. философия докторы мен сала бойынша доктор дәрежесін тағайындауға, білім беру бағдарламаларының мазмұнын анықтауға, жеке үлгідегі дипломдарды беруге мүмкіндік алып отыр. Тағы бір қуантарлығы мәртебе аясында ұстаздардың жалақылары бұрынғы жалақы мөлшерінен 75%-ға өссе, қосымша Түркия елі тарапынан 20%-ға артатын болады.
Тарихқа үңілсек, университет 1992 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанның ежелгі қаласы Түркістанда құрылды және бүгінде Қазақстандағы жалғыз халықаралық университет болып табылады. Білім беру қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі